ТҮРКІСТАННЫҢ ТАЙҚАЗАНЫ – БАЯНАУЫЛ ТӨРІНДЕ

Қос өңірдің рухани байланысын айшықтаған тағылымды тарту

Түркістаннан бастау алған рухани тағылым енді Баянауыл төрінде жалғасын тапты. Түркістан қаласы мен Павлодар облысының Баянауыл ауданы арасындағы тарихи-мәдени байланысты нығайту мақсатында қасиетті Тайқазанның макеті орнатылды.

Түркістанның басты рухани символдарының біріне айналған Тайқазан макетінің ашылу салтанатына арнайы делегация қатысты. Құрамында зиялы қауым өкілдері, қалалық және облыстық ақсақалдар алқасы мен ардагерлер кеңесінің жетекшілері, мәдениет саласының мамандары мен ғалымдар болды.

Салтанатты жиында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары, делегация жетекшісі Мадияр Бақтыбайұлы сөз сөйлеп, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының арнайы сәлемін жеткізді. Сондай-ақ Баянауыл ауданына жолданған құттықтау хатты оқып берді.

Құттықтау хатта екі өңір арасындағы мәдени байланысты одан әрі дамыту, тарихи-рухани құндылықтарды ұлықтау және ұрпақ сабақтастығын нығайтуға бағытталған бастамалардың маңызы атап өтілді.

Іс-шарада Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожин мен Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев Түркістаннан келген делегацияға ризашылығын білдірді.

Жиынның мазмұнын ақсақалдардың ақ батасы мен ақынның жыры толықтырды. Түркістан ақсақалдары атынан Есенәлімұрат Ізтілеуов пен Қыдырәлі Рысбеков бата берсе, айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков жырдан шашу шашып, қос өңір арасындағы рухани сабақтастықтың мән-маңызына тоқталды.

Тайқазан – қазақ даласындағы бірлік пен берекенің, тарих пен руханияттың символы. Оның Баянауыл төрінен орын алуы – екі өңір арасындағы достықтың ғана емес, елдің тарихи жадын ұлықтаған ортақ құндылықтардың белгісі.

Түркістан мен Баянауылның арасы алыс болғанымен, рухани тамыры бір. Бүгінде сол сабақтастық нақты мәдени бастамалар арқылы жалғасып келеді. Баянауылда бой көтерген Тайқазан макеті – соның көрнекті көрінісі.

Ұқсас жаңалықтар

Алматы дәрігерлерінің ерлігі: ауыр халдегі науқас аман қалды

Redaktor Arysinfo

Түркістан облысында елімізге импортты азайтып, экспорт көлемін арттыру бағытында жобалар жүзеге асырылады

ТҮРКІ ЕЛДЕРІ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ САЛАСЫНДА БІРІГЕДІ: ТОҚАЕВ МИНИСТРЛЕРМЕН НЕ ТАЛҚЫЛАДЫ?

Redaktor Arysinfo