Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен облыстық Жастар ресурстық орталығы бірлесіп ұйымдастырған «TUR WORKOUT – Тәртіпке тартыл» облыстық жастар турнирі Жетісай ауданында өз бастауын алды.
Жобаның ашылуына ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы, экономикалық тергеп-тексеру қызметінің генерал-майоры Ерболат Балғабаев пен аудан әкімі Серік Мамытов қатысты.
«Заң мен Тәртіп» идеологиясы аясында жүзеге асырылып жатқан жоба жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, құқықтық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті нығайтуға бағытталған. Ауқымды бастамаға ауданның 14 пен 35 жас аралығындағы 200-ге жуық жасы қатысып, белтемірге тартылу, қоссырықтағы жаттығулар мен жерден қолды бүгіп-жазу бойынша өзара мықтыларды анықтады.
Айта кетейік, сайысқа қатысушылардың ең жасы – 14-те болса, ең үлкені – 76 жаста.
Сондай-ақ шара барысында танымал спортшылар, фитнес-жаттықтырушылар мен ұйымдастырушылар жастармен ашық диалог өткізіп, мотивациялық кездесулер ұйымдастырды. Қатысушыларға дропперліктің қауіптілігі, банк карталарын бөтен адамдарға пайдалануға берудің заң алдындағы жауапкершілігі түсіндіріліп, қаржылық алаяқтықтан сақ болуға шақырылды.
Жоба аясындағы аудандық кезеңдердің үздіктері шілде айында ҚР Конституциясы күні қарсаңында өтетін финалдық кезеңде бақ сынайды. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.
