Түркістанда экономикалық өсім сақталды: негізгі көрсеткіштер 2025 жылы айтарлықтай артты

Түркістан қаласы 2025 жылды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан табысты аяқтады. Жылдық қорытынды бойынша өңірлік өнім көлемі 526,3 млрд теңгені құрап, бір жыл ішінде 16,3 пайызға өсті. Бұл көрсеткіш шаһардың инвестициялық және өндірістік әлеуетінің күшейгенін көрсетеді.

Облыс басшысы Нұралхан Көшеровтің қала тұрғындарымен есептік кездесуінде 2025 жылдың нәтижелері жан-жақты талқыланды. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы негізгі салалардағы жетістіктерге тоқталып, даму бағыттарын айқындап берді.

Өнеркәсіп өндірісі 45,9 млрд теңгеге жетіп, оның 29 млрд теңгесі өңдеу секторына тиесілі болды. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 502,7 млрд теңгеге дейін өсіп, жаңа өндірістер мен инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуына негіз қалады.

Құрылыс саласында да белсенділік жоғары болды. Атқарылған жұмыстар көлемі 275,4 млрд теңгені құрап, жоспар 112,5 пайызға орындалды. Тұрғын үй құрылысы қарқын алып, 552,6 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Сауда айналымы 193,9 млрд теңгеге жетіп, күтілген межеден едәуір асып түсті.

Жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. 111 көшеде орташа жөндеу аяқталып, тағы 48 көшеде жұмыстар жалғасып жатыр. Бұл шаралар нәтижесінде сапалы жолдардың үлесін 66,7 пайызға дейін арттыру жоспарланған.

Қала көшелерін жарықтандыру көрсеткіші де айтарлықтай жақсарды. 328 көшеде жарық шамдары орнатылып, қамту деңгейі 92 пайызға жетті. Сонымен қатар жаңа шағын аудандарды инженерлік желілермен қамтамасыз ету бағытындағы жобалар іске асырылуда.

Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында кең көлемді көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Жыл ішінде ондаған саябақ пен сквер абаттандырылып, 1,4 миллионнан астам ағаш және 410 мыңнан астам бұта егілді. Қоғамдық кеңістіктер жаңартылып, тұрғындар үшін жайлы демалыс аймақтары қалыптастырылды.

Кездесу барысында өңір басшылығы Түркістанның даму қарқыны тұрақты екенін атап өтті. Алдағы уақытта инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғын үймен қамту, инвестиция тарту және қаланың өмір сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.

Ұқсас жаңалықтар

Шымкентте Нұржан Қосмамбет атындағы бокс академиясы ашылды

Арыста тағы бір ауылға табиғи газ берілді

Жетісайда мыңға жуық тұрғын сенбілікке шығып, 40 тонна қоқыс жиналды

berdaly_oraz