Киберкеңістіктегі есірткі бизнесіне тосқауыл қою, халықаралық қылмыстық желілерді әшкерелеу және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану – Түркістандағы халықаралық прокурорлық жиынның басты өзегіне айналды.
11 қыркүйекте Түркістан қаласында Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асыловтың төрағалығымен Түркі мемлекеттері ұйымы Бас прокурорлары кеңесінің V отырысы өтті.
Жиында есірткі қылмысының дәстүрлі тәсілдерден алшақтап, цифрлық кеңістікке дендеп енуі кеңінен талқыланды. Бүгінде қылмыстық топтар онлайн-платформаларды, цифрлық технологияларды және криптовалюталарды пайдаланып, заңсыз есірткі айналымын ұйымдастырудың жаңа жолдарын іздеуде. Бұл құбылыс құқық қорғау органдарының өзара ықпалдастығын жаңа деңгейге көтеруді талап етеді.
Осыған байланысты тараптар киберкеңістіктегі есірткі қылмыстарын анықтау, қылмыстық желілерді әшкерелеу, бірлескен тергеу жүргізу және заманауи технологияларды құқық қорғау тәжірибесіне енгізу мәселелеріне басымдық берді. Әсіресе қылмыстық әрекеттердің ізін анықтау мен талдауда жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану маңызды бағыттардың бірі ретінде қарастырылды.
Отырысқа Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Түркия прокуратураларының басшылары қатысты. Сондай-ақ жиын жұмысына Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы мен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Бас прокурорларының Үйлестіру кеңесінің өкілі қатысты.
Түркістанның мұндай ауқымды халықаралық кездесуге алаң болуы – өңірдің құқықтық және халықаралық ынтымақтастықтағы маңызының артып келе жатқанын көрсетеді. Ал цифрлық дәуірдегі есірткі бизнесіне қарсы күрес мемлекеттердің шекарасымен шектелмей, ортақ ақпарат, технология және жедел ынтымақтастықты қажет етеді.
