дереккөз фото: Түркістан облысы әкімдігі
Түркістан облысында есірткі қылмыстарының алдын алу және заңсыз айналымға тосқауыл қою мәселелері өңірлік ведомствоаралық штабтың отырысында талқыланды. Жиынға облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етті.
Жыл басынан бері мемлекеттік шекара арқылы есірткі тасымалдаудың 30 әрекеті тоқтатылып, өңірде есірткінің заңсыз айналымына қатысты 155 құқықбұзушылық анықталды. Сондай-ақ «Киберқадағалау» жүйесі арқылы синтетикалық есірткіні насихаттайтын 537 интернет-ресурс бұғатталған.
Нашақорлықтың алдын алу мақсатында 93 мыңнан астам тұрғынды қамтыған 883 профилактикалық іс-шара өткізіліп, рейдтер барысында есірткі жарнамасы бар 225 граффити өшірілді.
Жиын қорытындысында облыс әкімі жауапты органдарға есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресті күшейтіп, цифрлық технологияларды тиімді пайдалану және жастар арасында профилактикалық жұмыстарды жүйелі жалғастыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.
