Түркістан облысында гүл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеретін ірі инвестициялық жоба талқыланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Қытайдың «Wuhan Xiangyu Dingsheng Construction Engineering Co., Ltd.» компаниясының өкілдерімен кездесіп, өңірде заманауи гүл және декоративті ағаштар өсіретін жылыжай кешені мен арнайы сауда орталығын салу мәселесін қарастырды.
Жоба өңірдің көгалдандыру әлеуетін арттыруға, гүл шаруашылығын дамытуға, сәндік өсімдіктер өндірісін жолға қоюға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Сонымен қатар өндірілген өнімді ішкі нарықпен қатар шетелге экспорттау мүмкіндігі де қарастырылып отыр.
Кездесу барысында жобаның техникалық және қаржылық тетіктері, құрылыс кезеңдері, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, мемлекеттік қолдау шаралары және өзара әріптестікті нығайту мәселелері жан-жақты талқыланды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл бастама өңір экономикасына серпін беретін маңызды жоба екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қытайға жасаған іссапар кезінде көтерілген бастаманың нақты іске асу кезеңіне өтуі – Түркістанның инвестициялық тартымдылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Қытайлық компания өкілдері Түркістан облысының мүмкіндіктеріне жоғары баға беріп, жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыруға дайын екендерін жеткізді. Кешенде заманауи агротехнологиялар мен автоматтандырылған басқару жүйелері қолданылып, гүлдер мен декоративті ағаштардың түрлі сұрыптары өсіріледі. Бұл жыл бойы тұрақты өндіріс жүргізуге және өнім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Болашақта жаңа кешен тек өндіріс орны ғана емес, гүл саудасының ірі орталығы әрі туристерді тартатын ерекше нысанға айналады деп күтілуде.
Кездесу соңында тараптар инвестициялық жобаны тиімді жүзеге асыру бағытындағы ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.
