Түркістан қаласында өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытындағы тағы бір ірі жоба жүзеге асырылды. Полиэтилен қаптама өнімдері мен скотч өндіруге маманданған «QazEcoPack» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өндірістік желісін іске қосып, алғашқы дайын өнімдерін нарыққа шығарды. Кәсіпорын TURAN арнайы экономикалық аймағы аумағында орналасқан.
Зауыттың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жобаның өңір экономикасы үшін маңызын атап өтті. Аймақ басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған экономиканы әртараптандыру, өңдеу секторын күшейту және жаңа жұмыс орындарын ашу жөніндегі міндеттер облыста кезең-кезеңімен орындалып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, әрбір жаңа өндіріс орны аймақтың өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, ішкі нарықты отандық өніммен қамтуға мүмкіндік береді.
Кәсіпорынның құрылтайшысы әрі директоры Думан Халмет инвестициялық бастаманы жүзеге асыру барысында облыс әкімдігі тарапынан қолдау көрсетілгенін айтып, арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымдық және салықтық артықшылықтары жобаның тиімді іске асуына ықпал еткенін атап өтті.
«QazEcoPack» компаниясы полиэтилен негізіндегі қаптама материалдарын бастапқы және қайта өңделген шикізаттан өндіруді көздейді. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бірінші кезең аясында скотч өндіретін желі толық іске қосылды. Жылдық өндірістік қуаттылығы – 1 500 000 дана. Дайын өнімдер Қазақстанның әр өңіріне және ТМД нарығына жөнелтіледі.
Екінші кезең 2026 жылдың желтоқсанына жоспарланған. Бұл кезеңде жылына 350 000 келі стрейч-пленка және 80 000 дана ауа-көпіршікті пленка шығару көзделіп отыр. Ал үшінші кезең 2027 жылы жүзеге асырылады. Соның нәтижесінде кәсіпорын жылына 500 000 келі полиэтилен өнімдерін өндіруге мүмкіндік алады. Осылайша, өндіріс ауқымы кеңейіп, өнім түрлері көбейеді.
Жобаның жалпы инвестициялық құны 1,21 млрд теңгені құрайды. Қазіргі таңда 1440 шаршы метр аумақта орналасқан өндірістік ғимарат пайдалануға берілген. Алдағы уақытта қосымша 5 760 шаршы метр жерде тағы төрт өндірістік корпус салу жоспарланған. Бұл кәсіпорынның толық қуатта жұмыс істеуіне жағдай жасайды.
Зауыттың іске қосылуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына да ықпал етті. Бірінші кезеңде 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Кейінгі кезеңдерде кадрлар саны артып, өндірістік персонал ұлғаяды деп күтілуде. Бұл өңірдегі еңбек нарығын тұрақтандыруға және халық табысын арттыруға оң әсер етеді.
Мамандардың айтуынша, қаптама материалдарына сұраныс жылдан жылға өсіп келеді. Логистика, сауда, өндіріс және ауыл шаруашылығы салаларында полиэтилен өнімдері кеңінен қолданылады. Сондықтан жергілікті өндірістің дамуы импорт үлесін қысқартуға және ішкі нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қайта өңделген шикізатты пайдалану экологиялық жүктемені азайтуға бағытталған маңызды қадам саналады.
Жалпы алғанда, жаңа өндіріс орны Түркістан облысының индустриялық даму картасын толықтыра түсті. Өңдеу өнеркәсібіндегі мұндай жобалар экономиканың нақты секторын нығайтып, аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттыра береді.
