21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Түркістанда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қасымхан Бегмановтың «Қазақ деп мұңға баттым мен» атты әдеби- сазды кеші ұйымдастырылды. Алдымен қонақтар кітап көрмесімен танысты.
Кештің шымылдығы ақынның «Қазағым» термесімен түрілді. Одан кейін «Жаңа леп» шығармашылық ұжымы ақын шығармашылығына арналған әдеби- сахналық композиция ұсынып, зиялы қауымның пікірлерін көпшілікке жеткізді.
Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің құттықтауын табыстады. Ол ақын поэзиясының ұлттық руханияттағы маңызын атап өтті.
Сонымен қатар ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Қалқаман Сарин ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Кариннің атынан Алғыс хат тапсырып, Қасымхан Бегманов шығармашылығына жоғары баға берді.
Кешке еліміздің белгілі қаламгерлері Мереке Құлкенов, Қансейіт Әбдезұлы, Есберген Алауханов, Серік Елікбай қатысып, ақынның әдеби мұрасы жайлы ой-пікірлерімен бөлісті.
Шараның мақсаты – ұлттық поэзияны насихаттау, рухани құндылықтарды дәріптеу және жастардың әдебиетке қызығушылығын арттыру.
Кеш барысында ақын сөзіне жазылған әндер орындалып, көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлады. Қасымхан Бегманов та шығармашылығы туралы ой бөлісіп, көпшілік сұрақтарына жауап берді.
Шара соңында ақын ұйымдастырушыларға алғыс айтып, кеш жоғары деңгейде өтті.
