ТҮРКІСТАНДА ПРЕЗИДЕНТ ТЕЛЕРАДИОКЕШЕНІНІҢ КИНОЛЕКТОРИЙІ ӨТТІ

Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы Президенті телерадиокешенінің 30 жылдығына арналған «Шежіреден болашаққа» атты ауқымды кинолекторий жобасы өтті. Танымдық әрі тағылымдық сипаттағы іс-шара көрермендерге отандық деректі киноның үздік туындыларын ұсынып, ел тарихы мен қоғамдағы маңызды оқиғаларды жаңа қырынан танытты.

Кинолекторийдің алғашқы күнінде көпшілік назарына «Арал» және «Серт» деректі фильмдері ұсынылды. «Арал» фильмі арқылы көрермендер Арал теңізінің тағдыры мен сол өңірде ғұмыр кешкен адамдардың өміріне терең үңілуге мүмкіндік алды. Фильмнің басты кейіпкері – өмірін теңізбен байланыстырған қария балықшы Күнтуған Тұрғанбаев. Оның естеліктері мен өмір жолы арқылы Аралдың кешегісі мен бүгіні, табиғат пен адам арасындағы нәзік байланыс әсерлі баяндалады.

Кейіпкердің айтуынша, түсірілім жұмыстары оның өткен өмірімен қайта қауышуына себеп болған. Ол Арал теңізінің тартылу кезеңдерін еске алып, бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолдауының арқасында теңіздің қайта қалпына келе бастағанын ерекше атап өтті. Фильмде Арал теңізінің шамамен 36 пайызы қалпына келгені айтылады.

Ал «Серт» деректі фильмі 2024 жылғы көктемгі жойқын су тасқыны кезіндегі ел бірлігі мен төтенше жағдайды еңсерудегі халық пен мемлекеттің ынтымағын көрсетеді. Туындыда табиғи апат салдарын жою жұмыстары, жаңа үйлердің салынуы мен инфрақұрылымның қалпына келтірілуі кеңінен қамтылған.

Көрсетілімнен кейін тұрғындар режиссерлік шешімдер мен операторлық жұмыстың жоғары деңгейіне ерекше тоқталды. Түркістандық көрермендер фильмдердің шынайылығы мен көркемдік тереңдігі халықаралық деректі жобалармен деңгейлес екенін атап өтті.

Кинолекторийдің екінші күнінде көрермендерге Қазақстанның туристік әлеуетін таныстыратын «Travel Kazakhstan» және Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастыққа арналған «Қуатты серіктес» фильмдері ұсынылды.

Айта кетейік, «Шежіреден болашаққа» кинолекторий сериясы 21 мамыр күні Астана қаласында бастау алған. Жоба аясындағы көрсетілімдер еліміздің көптеген өңірлерінде жалғасады. Барлық фильмдер Президент телерадиокешенінің деректі фильмдер орталығында түсірілген. Сценарий авторы – Нұрлан Қабдай, режиссерлері – Зухраб Отаров пен Дәулет Әуелбеков.

Аймақтық әкімдіктердің қолдауымен ұйымдастырылып жатқан деректі фильм көрсетілімдеріне кіру тегін. Жобаның қорытынды көрсетілімі 25 қыркүйекте Алматы қаласында өтеді.

Ұқсас жаңалықтар

Айтыскер ақын Балғынбек Имашевтың ұлы Данияр Имашевтың басы дауға қалды

berdaly_oraz

«Екі міндетті қатар атқармақ»: Аида Балаева Премьер-Министрдің орынбасары болып тағайындалды

berdaly_oraz

Түркістан: Кентауда балаларды қорғау күніне орай мерекелік шара өтті.

Redaktor Arysinfo