ТҮРКІСТАНДА САММИТ ҚОРЫТЫНДЫСЫ МЕН ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Дереккөз, фото: Түркістан обл әкімдігі

Түркістан қаласындағы жаңа этно-туристік кешенде облыстың зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлері, жастары және белсенді азаматтарының қатысуымен кеңейтілген кездесу өтті. Жиында Нұралхан Көшеров Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының бейресми саммитінің қорытындылары мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарына тоқталды.

Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саммитті ұйымдастыруға атсалысқан Түркістан жұртшылығына ризашылығын жеткізді. Оның айтуынша, халықаралық деңгейдегі маңызды жиын көне шаһардың түркі әлеміндегі тарихи әрі рухани мәртебесін тағы бір мәрте айқындады.

– Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті – тарихи маңызы зор оқиға. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы өңірде атқарылған дайындық жұмыстарын жоғары бағалап, тұрғындарға ерекше алғыс білдірді. Бұл – Түркістанның халықаралық беделіне және ел игілігі жолында еңбек еткен азаматтардың жұмысына берілген әділ баға. Түркістан ауқымды халықаралық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізе алатын стратегиялық әрі мәдени-рухани орталық екенін дәлелдеді, – деді Нұралхан Көшеров.

Жиында өңір экономикасы, инвестициялық әлеует және өндіріс салаларын дамыту мәселелері де кеңінен сөз болды. Облыс әкімінің мәліметінше, 2025 жылы Түркістан облысының сыртқы сауда айналымы 3,5 млрд АҚШ долларына жетіп, өсім 34,6 пайызды құраған. Соңғы үш жылда экспорт көлемі 142 пайызға артып, 1,8 млрд АҚШ долларына жеткен. Өңірдің негізгі стратегиялық серіктестері қатарында Ресей, Қытай, Өзбекстан, Германия және Чехия бар.

Өңір басшысы экономиканы әртараптандыру, импортты алмастыру және шикізатты терең өңдеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда инвесторларға дайын бизнес-кейстер мен қаржылық есептеулері жасалған жобалар ұсынылуда.

Түркістан облысы агроөнеркәсіп саласында жетекші өңірлердің бірі саналады. Былтыр ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 2,5 млрд АҚШ долларын құраған. Облыс мақта өсіру және өңдеу, жеміс-жидек, бақша және ет өнімдерін экспорттау бойынша республикада алдыңғы қатарда. Сонымен қатар өңірдегі жылыжайлардың жалпы көлемі 1007 гектарға жетіп, республикадағы үлесі 72 пайызды құрап отыр.

Жиында облыстың өндірістік әлеуетіне де назар аударылды. Бүгінде арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда жалпы құны жүздеген миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар импортты алмастыруға бағытталған өндірістер іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылуда.

Облыс әкімінің айтуынша, 2025 жылы өңір экономикасына 1,7 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 121,6 пайызды құраған. Өткен жылы жалпы құны 340 млрд теңгені құрайтын 58 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған.

Сондай-ақ 2026–2029 жылдарға арналған жалпы құны 2,7 трлн теңгені құрайтын 122 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылғаны айтылды. Бұл жобалар жүзеге асқан жағдайда 18 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, өңір экономикасының өсіміне серпін береді деп күтілуде.

Кездесу барысында зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен кәсіпкерлер саммит қорытындылары мен өңірдің даму перспективалары жөнінде пікір алмасты. Қатысушылар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылықтарын білдіріп, Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға дайын екендерін жеткізді.

Ұқсас жаңалықтар

Шардара қаласының барлық шағынаудандарына су жіберілді

ТҮРКІСТАНДА ТРИАТЛОННАН ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫ ӨТУДЕ

Түркістанда асық атудан ел чемпионаты басталды