ТҮРКІСТАНДА ТРИАТЛОННАН ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫ ӨТУДЕ

Дереккөз, фото: Түркістан обл әкімдігі

Түркістан қаласындағы халықаралық талаптарға сай салынған ескек есу арнасында триатлоннан супер-спринт қашықтығы бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды. Байрақты бәсекеде Elite санаты мен U23, U19, U17, U15, U13 жас ерекшеліктері бойынша елдің үздік спортшылары бақ сынауда.

Орта Азиядағы бірегей спорт нысандарының бірі саналатын заманауи ескек есу каналы республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге толық мүмкіндік береді. Бүгінде бұл кешен еліміздің спорт инфрақұрылымындағы маңызды орталықтардың біріне айналып отыр.

Ел чемпионатына Астана және Алматы қалаларынан, Атырау, Ақмола, Жамбыл, Қостанай облыстарынан, сондай-ақ Шымкент қаласы мен Түркістан облысынан 150-ге жуық спортшы қатысуда. Жарыс барысында триатлоншылар өзара мықтыны анықтап, жоғары нәтиже көрсетуге күш салуда.

Салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров пен Қазақстан триатлон федерациясының бас хатшысы Сергей Майер қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

9–10 мамыр күндеріне жоспарланған чемпионаттың алғашқы жарыс күнінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Түркістан облысының спортшылары табысты өнер көрсетіп, өңір қоржынына 5 медаль салды.

Elite санатындағы ерлер арасында Егор Крупяков қола жүлдеге ие болса, әйелдер арасында Надежда Бегмаганбетова да қола медаль жеңіп алды. Сонымен қатар, U23 санатында Даяна Карим қола жүлдегер атанды. U19 жас ерекшелігінде Матвей Шевнин күміс медаль иеленсе, U17 санатында Мұрат Әлхам күміс жүлдеге қол жеткізді.

Осылайша, жарыстың алғашқы күнінің қорытындысы бойынша түркістандық спортшылар 2 күміс және 3 қола медаль еншіледі.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Ғалымжан Худияров пен Сергей Майер арнайы алғыс хаттармен және медальдармен марапаттады.

Айта кетейік, ел чемпионатында үздік нәтиже көрсеткен спортшылар маусым айында Қытайда өтетін Азия чемпионатына жолдама алады. Түркістандағы Қазақстан чемпионаты 10 мамыр күні өз мәресіне жетеді.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан облысы әкімінің 17–22 қараша аралығындағы жұмыс қорытындысы жарияланды

berdaly_oraz

Түркістанда заңсыз салынған 14 ғимарат сот шешімімен бұзылды

berdaly_oraz

АРЫСТЫҢ АРУЫ АЛАҢҒА ШЫҒАДЫ: ЕЛ ҮМІТІ – КАУСАРДА!