Түркістан қаласы қарқынды дамып, жаңа нысандар салынып жатқанымен, құрылыс жұмыстарында заң талаптарының сақталуы басты назарда болуы тиіс. Осы орайда, Түркістан қаласы әкімдігінің Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мұхит Көшенов жобалаушы ұйымдар, техникалық қадағалау мамандары және мердігерлермен кездесу өткізіп, саланың өзекті мәселелерін талқылады.
Құрылыс – тек қаланың көркі ғана емес, ең алдымен, тұрғындардың қауіпсіздігіне әсер ететін маңызды сала. Сондықтан жергілікті билік заңсыз немесе рұқсатсыз салынып жатқан ғимараттарға қатаң бақылау жүргізуде. Мониторинг және тексеру жұмыстары барысында бірқатар заң бұзушылықтар анықталды.
Атап айтқанда, 112 кәсіпкерлік нысан толық аяқталмай пайдалануға берілген. Мұндай нысандар негізінен Тәуке хан даңғылы, Тәуелсіздіктің 10 жылдығы, С.Қожанов, С.Ерубаев көшелерінде және Қызылорда мен Кентау тас жолдары бойында орналасқан. Сот шешімімен заң бұзушылықтары бар 14 ғимарат бұзылды. Бұдан бөлек, құрылыс талаптарын сақтамаған тұлғаларға жалпы сомасы 29 942 120 теңге (7475 АЕК) көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Құрылыс жүргізу үшін қажетті құжаттар:
Жер телімінің құжаты – нысан салуға рұқсат беретін акт.
Сәулет-жоспарлау тапсырмасы – ғимараттың қала құрылысына сәйкестігін анықтайтын жоба.
Эскиздік жоба – ғимараттың бастапқы сызбасы.
Сараптамадан өткен жұмыс жобасы – құрылыс сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжат.
Құрылыс-монтаж жұмыстарын бастауға рұқсат – заңды түрде бекітілетін мемлекеттік құжат.
Қала билігі құрылыс жүргізушілерді заң талаптарын сақтауға шақыра отырып, бақылау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді.