ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖАСТАР ГИННЕС РЕКОРДЫНА ЕНГЕН ХАКАТОНДА ТОП ЖАРДЫ

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің YASAWI STARTUP командасы HackAlem AI 2026 халықаралық хакатонында Communication бағыты бойынша І орын иеленді. Қатысушылар саны бойынша әлемдік рекорд орнатқан ауқымды дода Guinness World Records рекордтар кітабына енді.

Астана қаласында өткен хакатон жасанды интеллект технологияларын дамытуға, инновациялық идеяларды қолдауға және жастардың технологиялық әлеуетін арттыруға бағытталды. Байқауға 1 066 жоба қатысып, оның 60-ы финалдық кезеңге жолдама алды. Ал 12 бағыт бойынша өткен жарыстың жалпы жүлде қоры 220 мың АҚШ долларын құрады.

Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, рекордтың ресми есебіне 2 415 қатысушы енгізілген.

Университеттің Коммерцияландыру офисі қолдау көрсеткен YASAWI STARTUP командасы коммуникация саласындағы үздік шешімімен ерекшеленді. Жеңімпаздар қатарында Инженерия факультетінің түлегі Ислам Абдулханов, Экономика факультетінің студенті Рухшона Сайдуллаева және Филология факультетінің студенті Дилара Әуезханова бар. Командаға Абылайхан Тастанбеков жетекшілік етті.

Хакатон аясында қатысушылар энергетика, қаржы, білім беру, логистика, телекоммуникация және басқа да салаларға арналған жасанды интеллект шешімдерін әзірледі. Іс-шара жастардың инновациялық жобаларын дамытуға және тың идеяларды нақты өнімге айналдыруға мүмкіндік берді.

Ясауи университеті командасының жеңісі – жастардың ізденісі мен инновациялық әлеуетінің айқын көрінісі. Бұл жетістік университетте стартаптарды қолдау, кәсіпкерлікті дамыту және ғылыми-технологиялық идеяларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстардың маңызын көрсетеді.

Ұқсас жаңалықтар

Шардара ауданы әкімдігінде мәжіліс өтті

berdaly_oraz

Арыста алтын құрсақ аналарға құрмет көрсетілді

Redaktor Arysinfo

Министр Арман Шаққалиев бағаны тұрақтандыруға бағытталған қосымша шараларды жариялап,кең көлемді «Береке Fest» акциясының өтетінін хабарлады.

Redaktor Arysinfo