Мемлекет басшысы шәкірттері беделді халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен ұстаздар мен тәлімгерлерді жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттады, деп хабарлайды Turkystan.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен білім беру саласындағы аса үздік жетістіктері және Қазақстанға сіңірген айрықша еңбегі үшін бірқатар педагогке мемлекеттік наградалар табысталды.
Атап айтқанда, Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Мейрамгүл Кенжеханова мен Алматы қаласындағы №134 лицейдің мұғалімі Ирина Нестеренко «Құрмет» орденімен марапатталды.
Ал «Edlight Academy» әдіскері Жанболат Жолгелдиев, Қарағанды қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Қарлығаш Жолдыбаева, «Haileybury Almaty» мектебінің мұғалімі Владимир Жук және Өскемен қаласы Білім-инновация лицейінің мұғалімі Айгүл Сейітдәулет «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды.
Сонымен қатар Қызылорда қаласындағы Білім-инновация лицей-интернатының мұғалімі Батыр Жарқын, Талдықорған қаласындағы №24 лицей мұғалімі Меруерт Абаева, Павлодар қаласындағы Білім-инновация лицей-интернатының мұғалімі Олжас Әмзеев және Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің мұғалімі Бақыт Мамышев «Шапағат» медалімен марапатталды.
Бұл марапаттар – халықаралық білім додаларында Қазақстанның көк туын көкке көтерген шәкірттердің жетістігіне үлес қосқан ұстаздардың еңбегіне көрсетілген зор құрмет. Педагогтердің табанды еңбегі жас ұрпақтың білімге деген қызығушылығын арттырып, елдің зияткерлік әлеуетін нығайтуға жол ашады.
