Спорт – денсаулық кепілі әрі ұлттық рухтың айнасы. Мемлекет тарапынан бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп, спортпен шұғылданатын жасөспірімдердің саны күн санап артып келеді. Спорт тек мемлекеттің беделін арттырып қана қоймай, салауатты ұрпақ тәрбиелеудің негізі ретінде де маңызды.
Жетісай спорт клубы 2024-2025 оқу жылында халықаралық, республикалық және облыстық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізген жас спортшылар мен бапкерлерді марапаттап, олардың жетістіктерін ерекше атап өтті.
Шараға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы еркебұлан сейдалиев, қоғамдық кеңес төрағасы, ардагер спортшы, халықаралық дәрежедегі төреші бақыт жаңбырбаев, спорт ардагері жаһангір айнабеков және «алпамыс батыр», «көк түріктер қағанаты» республикалық қорларының президенті бауыржан оңғарбаев қатысты. Сонымен қатар клуб директоры таласхан битуреев, бапкерлер, спортшылар мен олардың ата-аналары да салтанатты шарада болды.
Аудан әкімінің алғыс хаттары мен «алпамыс батыр» қорының «бекзат саттарханов» атындағы медалі және қаржылай сыйақылар ең үздік спортшылар мен бапкерлерге табысталды. Халықаралық және республикалық чемпионаттардың жеңімпазы нұрасыл мұхтар мен ерсұлтан сапар, сондай-ақ талантты бапкерлер – таласхан битуреев, нұрлыбек манқараев, бақыт бегманов, денис марданов, мақсат қыдырша, бекмұхамбет қойымбетов, бағдат алимбеков, алмас рахматов және тағы басқалар марапатталды.
Еркебұлан сейдалиев: «спорт – тәрбие құралы. Спорт арқылы жастарға отан сүйгіштік, еңбекқорлық, төзімділік және әділдік сияқты қасиеттерді қалыптастыруға болады. Спортпен айналысатын жас буын теріс ықпалдан алшақтап, зиянды әдеттерден аулақ болады», – деді.
Жетісай спорт клубының бұл жетістіктері ауданның ғана емес, еліміздің спорт саласындағы мәртебесін арттыруға үлкен үлес қосуда. Марапаттау рәсімі әрбір спортшыға биік мақсаттар қойып, үлкен жетістіктерге ұмтылуға серпін береді.