Жетісай ауданында өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 267,2 млрд теңгеге жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 83,6 млрд теңгеге артты. Бұл туралы брифинг барысында аудан әкімі Серік Мамытов мәлімдеді. Аудан экономикасындағы негізгі өсім ауыл шаруашылығы мен инвестициялық жобалардың есебінен қамтамасыз етіліп отыр.
Ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемі жыл қорытындысымен 119,4 млрд теңгені құрап, аудан экономикасының басым бөлігін қалыптастырды. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 45,8 млрд теңгеге жетті. Қазіргі таңда агроөнеркәсіптік кешенде 10 мыңға жуық шаруа қожалығы жұмыс істейді. Былтыр 79,3 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген.
Өнім көлемін ұлғайту мақсатында 321 шаруа қожалығы 1 500 гектар алқапта екі рет өнім алу жобасын жүзеге асырды. Су ресурстарын тиімді пайдалану үшін 783 канал мен 217 қашыртқы жүйе жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, өткен жылы 5 646 гектар жерге тамшылатып суару технологиясы енгізілген.
Ауданда инвестициялық белсенділік те артып келеді. Қазіргі таңда 12 инвестициялық жоба іске асырылуда. Асықата кентінде 59 гектар аумақта «Жетісай» индустриялық аймағы құрылып, толық инфрақұрылыммен қамтылған. Биыл бұл аумақта жалпы құны 45 млрд теңгеден асатын өндіріс орындарының құрылысы жүргізіледі.
Әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылған. Соңғы жылдары жаңа мектептер салынып, тұрғын үймен қамту көрсеткіші артты. Аудандағы 105 елді мекен толық ауыз сумен қамтамасыз етіліп, 92 елді мекен табиғи газ жүйесіне қосылған. Сонымен қатар, соңғы үш жылда 183 шақырым жол жөнделіп, аудандық маңызы бар жолдардың басым бөлігі жақсы жағдайда деп бағалануда.
