Дереккөз, фото: Шардара ауд әкімдігі
Шардара ауданында «АРМ спорт» клубының 25 жылдығына орай Ұлы Отан соғысының ардагері Роман Қарсыбайұлын еске алуға арналған қол күресінен XXVIII облыстық турнир ұйымдастырылды. Дәстүрлі спорттық шара аудан әкімі Қарсыбаев Арман Романұлының бастамасымен өтті.
Турнирдің ашылу салтанатына спорт ардагерлері, бапкерлер, аудан тұрғындары мен облыстың үздік спортшылары қатысты. Жарыстың негізгі мақсаты – қол күресі спортын дамыту, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және спортшылардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Арман Романұлы әкесі Роман Қарсыбайұлының өмір жолы мен тағылымды тәрбиесіне тоқталып, осындай дәстүрлі турнирдің 25 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келе жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар, аудан спортының дамуына үлес қосқан Жұмадуллаева Жанат Жасұзаққызы мен Абдраханов Мұхан Ұзақбайұлы арнайы марапатталды.
Жарыс барысында спортшылар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, тартысты белдесулер өткізді. Әр салмақ дәрежесінде үздіктер анықталып, жанкүйерлер қызықты әрі әсерлі кездесулердің куәсі болды.
Аудан әкімі өз сөзінде спорттың тек күш сынасатын алаң ғана емес, тәртіп пен табандылықты, жігер мен патриоттық рухты қалыптастыратын маңызды орта екенін атап өтті. Сондай-ақ, жас спортшыларға алдағы жарыстарда сәттілік тілеп, ел намысын халықаралық деңгейде абыроймен қорғауға шақырды.
Аймақтық деңгейдегі маңызды спорттық дода жастардың спортқа қызығушылығын арттырып, өңірдегі қол күресі спортының дамуына серпін берген тағылымды іс-шаралардың біріне айналды.
