Дереккөз, фото: Жетісай ауд әкімдігі
Жетісай өңірінде бұқаралық спортты дамыту, жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау және халықаралық достық байланысты нығайту мақсатында 2013–2014 жылы туған жасөспірімдер арасында халықаралық турнир ұйымдастырылды.
Жарыс аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің Жетісай спорт клубы мекемесі мен Ой-қамшы жобасының ұйымдастыруымен өтті.
«Жетісай спорт клубының» 5 жылдығына арналған турнирге Түркістан, Шымкент, Кентау қалаларынан, сондай-ақ Шардара, Сарыағаш, Келес, Мақтаарал, Төлеби және Жетісай аудандарынан, көршілес Өзбекстан Республикасынан келген 12 команда қатысты. Жалпы саны 220-ға жуық жас спортшы жасыл алаңда бақ сынады.
Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Айдос Исмаилов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев, Таласхан Битөреев, сондай-ақ қоғам қайраткерлері мен спорт ардагерлері қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
Ұйымдастырушылар мұндай жарыстардың жас буынның спортқа қызығушылығын арттырып, тәртіпке, төзімділікке және отансүйгіштікке тәрбиелеудегі маңызын атап өтті.
«Әке – асқар тау, бала – биікке самғаған қыран» ұранымен өткен турнир Жетісай және Мақтаарал аудандарының Ауған соғысы ардагерлерінің қолдауымен ұйымдастырылды. Командалар Жетісай қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадион мен Атакент кентіндегі Алпамыс батыр атындағы орталық стадион алаңдарында өзара кездесулер өткізді.
Тартысты өткен додада жас футболшылар шеберліктері мен командалық үйлесімдіктерін көрсетті. Екі күнге созылған турнир қорытындысы бойынша Өзбекстан Республикасынан келген «Дустлик» командасы V орынды, Келес ауданының құрамасы IV орынды иеленді. ІІІ орын Мақтаарал ауданына, ІІ орын Шардара ауданына бұйырса, І орынды Жетісай спорт клубы командасы жеңіп алды.
Сонымен қатар, «Үздік төреші», «Үздік жаттықтырушы» және «Үздік ойыншы» номинациялары бойынша үздіктер анықталып, жеңімпаздар кубок, диплом, медаль және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Жүлде қоры 1 миллион теңгені құраған халықаралық турнир жас спортшылар үшін тәжірибе алаңына айналып, өңірдегі балалар спортының дамуына серпін берді.
