Жетісайдағы жалғыз майдангерге құрмет көрсетілді

Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай Түркістан облысында көзі тірі жалғыз майдангер — Петр Папков арнайы құттықталды. Ардагерге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков пен Серік Мамытов барып, мерекелік сый-сияпат табыстады.

1925 жылы Татарстан Республикасының Максимовка ауылында дүниеге келген Петр Папков 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, 73-гвардиялық армия құрамындағы 105-полкте қызмет атқарған. Ол Киев, Бухарест, Венгрия бағытындағы шайқастарға қатысып, құрылыс батальонында жүргізуші әрі құрылысшы болған.

Соғыс аяқталған соң елге оралған майдангер ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жыл еңбек етіп, трактор тізгіндеген. Бүгінде 4 қызынан тараған немере-шөберенің қызығын көріп отырған қария Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері ретінде үлкен құрметке ие.

Мерекелік кездесуде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Жетісай ауданы әкімінің құттықтауы табысталып, сондай-ақ Дәурен Қосанов жолдаған мерекелік лебіз жеткізілді. Майдангерге 5 миллион теңгенің сертификаты, мерекелік себет беріліп, иығына шапан жабылды.

Айта кетейік, мереке қарсаңында Жетісай ауданында соғыс ардагерлерінің екінші рет тұрмыс құрмаған 4 зайыбына 20 АЕК көлемінде, ал тылда еңбек еткен және әскери қызметі үшін марапатталған 198 азаматқа 15 АЕК мөлшерінде бір реттік әлеуметтік көмек көрсетілген.

Ұқсас жаңалықтар

ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУДЕ КӨТЕРІЛГЕН МӘСЕЛЕЛЕР БОЙЫНША НАҚТЫ ШАРАЛАР ҚАБЫЛДАНУДА

berdaly_oraz

Шымкентте 144 отбасы жаңа арендалық баспанаға ие болды

berdaly_oraz

Түркістан: Созақ ауданының экономикасын әртараптандыру жолдары қаралды