Дереккөз, фото: Түлкібас ауд әкімдігі
Ауданда туризм саласын дамытуға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – Жаскешу ауылдық округіне қарасты Пістелі ауылында бой көтеріп жатқан “Saumal De Lux” туристік-сауықтыру кешені. Аудан әкімі Асқар Естібаев нысанға арнайы барып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Жоба ұлттық дәстүр мен табиғат аясындағы демалысты ұштастыруға бағытталған. Кешеннің негізгі ерекшелігі – саумалмен сауықтыру, жылқы туризмін дамыту және қонақтарға ұлттық құндылықтарды кеңінен таныстыру. Мұнда келушілер қазақы тағамдардың дайындалу барысын көріп, дәстүрлі тұрмысқа қатысты ерекшеліктермен таныса алады.
Қазіргі таңда кешен құрылысының басым бөлігі аяқталған. Жоба бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылмақ. Алғашқы кезең аясында заманауи қонақ үй, коттедждер мен демалыс орындары салынуда. Кейінгі кезеңдерде спорт кешені, бассейн, глемпинг аймақтары мен киіз үйлер орналастыру жоспарланған.
Сонымен қатар жоба аясында экотуризмді дамытуға бағытталған бірқатар жұмыстар қарастырылған. Атап айтқанда, жаяу жүргіншілер жолын салу, көпірлер орнату және табиғи демалыс аймақтарын абаттандыру көзделіп отыр.
Аудан басшысы құрылыс сапасы мен мерзіміне ерекше назар аударып, инженерлік инфрақұрылым мәселелері бойынша тиісті қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Жоба толық іске қосылғаннан кейін өңірдегі туризм саласының дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және ауданның туристік әлеуетін арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.
