Жылына 500 дрон: Түркістанда жаңа өндіріс іске қосылды

Түркістан облысында жоғары технологиялық өндірісті дамыту бағытындағы тағы бір маңызды жоба жүзеге асты. Өңірде алғаш рет ауыл шаруашылығына арналған ұшқышсыз ұшу аппараттарын құрастыратын өндіріс орны іске қосылды-деп, хабарлайды Arysinfo.kz ақпарат порталы  

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес өндірістік парктер құру, жаңа кәсіпорындар ашу және инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар өз нәтижесін беріп жатыр. Соның бір дәлелі – Түркістан қаласында «Avatar Agricultural Technology Development» ЖШС-нің агродрон шығаратын зауытының ашылуы.

Жаңа кәсіпорын агросаланы цифрландыруға серпін беріп, егістік жұмыстарын заманауи технологиялар арқылы жүргізуге мүмкіндік жасайды. Зауытта құрастырылатын агродрондар егістік алқаптарына тыңайтқыш пен химиялық препараттарды себуге арналған.

Қазіргі таңда қажетті бөлшектер Қытайдан жеткізілуде. Алдағы уақытта компания қосалқы бөлшектерді жергілікті нарықтан алу мүмкіндігін қарастыру үстінде. Жалпы компания 2019 жылы Қытайда құрылған болса, 2025 жылдан бастап Қазақстан нарығына шыққан. Қысқа мерзім ішінде кәсіпорынға 20-ға жуық тапсырыс түскен. 

Мамандардың айтуынша, бір дрон 70 литрге дейін сұйықтық көтеріп, 5 гектар жерді өңдей алады. Құны шамамен 20 мың АҚШ долларын құрайтын құрылғылар сатылымға шығарылып қана қоймай, жалға да беріледі.

Бүгінде зауытта 4 маман еңбек етеді. Бір дронды құрастыруға небәрі үш сағат уақыт жұмсалады екен. Өндіріс көлемі мен тапсырыс санының артуына байланысты алдағы уақытта жергілікті тұрғындарды жұмысқа жұмылдыру көзделуде. «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Бекжан Бисенбаевтың айтуынша, агродрондарды қолдану ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттырып, өндіріс тиімділігін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, қазіргі таңда Сауран ауданы Шаға елді мекенінде орналасқан өндірістік парк аумағында 19 зауыт жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін тағы 2 кәсіпорын іске қосылады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар компания келесі жылдан бастап өрт сөндіруге және жүк тасымалдауға арналған жаңа үлгідегі дрондарды шығаруға ниетті.

Бұл жоба Түркістан облысының өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығын цифрландыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңір экономикасын әртараптандыруға тың серпін береді.

 

 

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан: «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда

«Мемлекеттік тілді білмейтін маманға мемлекет не үшін ақша төлеуі керек?»

Redaktor Arysinfo

ТҮРКІСТАНДА ПАТРИОТТЫҚ РУХТЫ КӨТЕРГЕН АУҚЫМДЫ ШАРА ӨТТІ