Түркістан облысының спортшылары Жапонияда өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында ел мерейін үстем етіп, қоржынға алтын және қола медаль салды. Пара дзюдодан сынға түскен Бексұлтан Құлмырза Азия чемпионы атанса, Бағланбек Оңалбек қола жүлдеге қол жеткізді.
Жапонияның Айчи префектурасы мен Нагоя қаласында ұйымдастырылған байрақты бәсекеде түркістандық спортшылар жоғары нәтиже көрсетіп, Қазақстан құрамасының жетістігіне үлес қосты.
Пара дзюдодан J2 санаты бойынша 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Бексұлтан Құлмырза финалда Оңтүстік Корея спортшысы Ким Донхунды жеңіп, алтын медаль иеленді. Осылайша, жерлесіміз V Азия Пара ойындарының чемпионы атанып, ел қоржынына бағалы жүлде салды.
Ал J1 санатында +95 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Бағланбек Оңалбек жарысты қола медальмен аяқтады. Оның бұл нәтижесі де отандық параспорттың жетістігін толықтыра түсті.
Қос спортшының жеңісі – табандылық пен қажыр-қайраттың, үздіксіз дайындықтың жемісі. Түркістандық парадзюдошылардың халықаралық аренадағы табысы өңір спортының абыройын асқақтатып, жас спортшыларға жігер береді.
Айта кетейік, V Азия Пара ойындары 18–24 қазан аралығында өтуде. Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 150 параспортшы спорттың 12 түрінен бақ сынап жатыр.
Түркістандық спортшыларға алдағы жарыстарда да сәттілік тілейміз! Қазақстанның көк байрағы биікте желбірей берсін!
