Түркістан облысында экологиялық жағдайды жақсарту және абаттандыру жұмыстары аясында биыл 1,3 миллионға жуық ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Бұл бастама «Таза Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде жүзеге аспақ.
Апталық аппарат мәжілісінде облыс әкімі Нұралхан Көшеров тазалық пен көгалдандыру бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтті. Ол жауапты мекемелерге бұл істі қатаң бақылауда ұстауды және экологиялық мәдениетті арттыруға ерекше мән беруді тапсырды.
— Бағдарламаларды сапалы үйлестіру – басты талап. Егер жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмаған басшылар болса, олардың жауапкершілігі қаралады. Экологиялық сауаттылықты көтеру, абаттандыру мен санитариялық тазалықты жүйелі жүргізу – басты міндет, — деді аймақ басшысы.
Жол қауіпсіздігі мен қысқы шаралар
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың мәліметінше, қыс мезгілінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 4669 шақырым жолға 145 арнайы техника мен 382 жұмысшы жұмылдырылған. Қар мен мұзды тазарту жұмыстарына 6 мың текше метрден астам құм және 4 мың тонна тұз пайдаланылған.
Көгалдандыру шаралары
Биыл өңірде «жасыл белдеу» қалыптастыру мақсатында 1 257 700 түп ағаш отырғызылмақ. Оның ішінде:
Көктемде – 631 100 түп
Күзде – 626 600 түп ағаш егіледі.
Ағаш отырғызу ақпан айының соңында басталады. Көгалдандыру барысында өрік, тұт, терек, қарағаш, арша және басқа да ағаш түрлері таңдалған.
Қатты қалдықтарды басқару жүйесі жақсарады
«Таза Қазақстан» бағдарламасын тиімді жүзеге асыру мақсатында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару қызметін реттеу бойынша тиісті шаралар қабылданған. 5 аудан мен қала әкімдіктері бұл бағытта өзгерістер енгізсе, тағы 8 ауданда тіркеу жұмыстары жүріп жатыр.