Арыс ауданы Монтайтас округіне қарасты Атамекен елді мекенінің тұрғындары тағы да қараңғылықта қалды. Ақпан айының соңына дейін көшелер жарықтандырылады деген уәде сөз жүзінде ғана қалып, іске аспады.Бұл туралы Arysinfo.kz тілшісі хабарлайды.
Жергілікті билік пен мердігер компания «барлық жөндеу жұмыстары ақпанның соңына дейін аяқталады» деп сендірген еді. Алайда, наурыз айы келсе де, ауыл көшелері әлі қараңғы. Балалар кешкісін сабақтан оралғанда, тұрғындар жол бойымен жүргенде, қараңғылықтан қиындық көруде.
Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Жорабек және Ағабек көшелеріне жарық орнатылған болатын. Алайда, 2024 жылдың тамыз-қыркүйек айларында қатты жауын-шашын салдарынан электр желілерінде қысқа тұйықталу болып, трансформатор істен шыққан деседі. Осыдан кейін мердігер «ST Service KZ» ЖШС жөндеу жұмыстарын жүргізіп,осы жылдың ақпан айының соңына дейін жарық қосылатынын мәлімдеген. Бірақ бұл сөздердің артында нақты нәтиже болмады..
«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» бұл мәселеге қатысты түсініктеме беруге асығар емес. Арыс қаласы әкімдігі де үнсіз отыр.
Жауаптылар ақпанның соңына дейін жарық қосылады деп уәде берді. Ол орындалмады. Тұрғындар енді нақты жауап пен шұғыл әрекетті күтуде. Қараңғыда қалған халықтың үніне құлақ асатын біреу бар ма? Әлде бұл мәселе тағы да созыла бере ме?Оны уақыт еншісіне қалдырдық…
Arysinfo.kz жағдайды бақылауда ұстайды. Тиісті мекемелерден жауап алған бойда, қосымша ақпарат жарияланады.