Арыс қаласындағы «Тең қоғам» орталығы – ерекше жандарға қолдау мен сенім ұялататын мекен,-деп хабарлайды Arysinfo.kz тілшісі.
Арыс қаласында ерекше қажеттіліктері бар жандар үшін кедергісіз орта қалыптастыру бағытында бірқатар нақты қадамдар жасалып келеді. Соның жарқын мысалы – «Тең қоғам» әлеуметтік орталығы. Бұл мекеме 2021 жылы 18 маусымда ашылып, үш жылдан бері халыққа әлеуметтік қолдау көрсетудің озық үлгісіне айналды. Орталық О.Байдаулетов көшесі, №13а мекенжайында орналасқан, жалпы аумағы 450 шаршы метрді құрайды.
Фронт-офис режімінде қолжетімді қызмет
«Тең қоғам» – бұл мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін ашық әрі қолжетімді кеңістік. Мұнда I топтағы зағип жандар мен II–III топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларға психологиялық және әлеуметтік қызметтер ұсынылады.
Қызметтер қатарына:
- массаж,
- дене шынықтыру жаттығулары,
- шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ секілді интеллектуалды ойындар,
- тренажерлармен жұмыс жасау кіреді.
Орталықтың ерекшелігі – қоғамнан оқшаулауды емес, қоғамға бейімдеуді мақсат тұтатынында. Әрбір келуші үшін арнайы бейімделген бағдарламалар жасалып, олардың әлеуметтік ортаға оңай сіңісіп кетуіне жағдай жасалады.
Жаңғырған қызмет – нақты нәтиже
2025 жылға арналған орталықтың бюджеті – 33 055 000 теңге. Биылғы жылдың алғашқы алты айында 17 253 000 теңге игерілген. Бұл қаржы негізінен қызмет көрсетуге, материалдық-техникалық базаны жаңартуға және мамандар еңбекақысына бағытталады. Қазіргі таңда орталықта 7 қызметкер еңбек етеді.
Орталық тәулігіне 25–30 адамға дейін қабылдай алады. Келушілер арасында көз көру қабілеті нашар жандарға ерекше жағдай жасалған. Олар үшін:
- Брайль әліпбиімен жазылған 180 кітап,
- 300-ден астам аудиодиск,
- 23 адамға арналған оқу залы жұмыс істейді.
Бұл – тек кітапхана емес, рухани тынығу мен өзін дамытуға мүмкіндік беретін кеңістік.
«Тең қоғам» орталығы тек әлеуметтік қызмет көрсету ордасы ғана емес, ерекше жандар үшін мерекелі іс-шаралар өткізетін мәдени ортаға айналған. Мұнда жыл сайын түрлі бағытта тақырыптық мерекелер ұйымдастырылады.
«Балауса балғын кез» іс-шарасы
Балалардың балғын шағын дәріптейтін бұл іс-шарада бала күннің еркіндігі мен шаттығы ән мен бидің, ойын мен өлеңнің көрінісіне айналды. Балалар өнер көрсетіп, достық пен қуаныштың не екенін сахна арқылы жеткізді.
«Көктем келді» спорттық жарысы
Құдайқұлов Серік ағамыздың бастамасымен өткен бұл жарыс – көзі нашар көретін азаматтар арасында спортты насихаттауға арналды. Шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ және қол күресі бойынша өткен сайыстар ерекше жандардың қабілетін шыңдауға әрі өз-өзіне сенімін арттыруға себеп болды.
«Бала бар жерде – бақыт бар»
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған бұл шарада достық, татулық, ел бірлігі сынды құндылықтар дәріптелді. Балалар өз өнерлерін ортаға салып, бір-бірімен жылы қарым-қатынас орнатты. Бұл оларға сенім мен шабыт сыйлады.
«Қош келдің, әз-Наурыз!»
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында өткізілген бұл мерекеде ұлттық ойындар, ән-күй, салт-дәстүрлер арқылы ерекше жандардың қазақы рухқа жақындығы, мәдениетке деген құрметі көрініс тапты.
«Тең қоғам» әлеуметтік орталығы – ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың өмірін жеңілдетіп қана қоймай, оларды қоғамға бейімдейтін маңызды мекеме. Мұндағы әрбір іс-шара, әрбір қызмет — мейірім мен қолдауға, сенім мен үмітке құрылған.
Арыстағы бұл орталық — адамгершілік пен азаматтықтың шынайы үлгісі. Орталықтың күнделікті еңбегі – инклюзивті қоғамды қалыптастыруға қосылған сүбелі үлес. Ерекше жандарға көрсетіліп жатқан мұндай қамқорлық — нағыз өркениетті қоғамның айнасы.
