Қайсар Маңқараев түлектерге сәттілік тіледі

Бүгін Арыс қаласындағы барлық білім беру ұйымдарында 2025–2026 оқу жылы қорытындыланып, «Білімім – Отаныма!» ұранымен салтанатты іс-шаралар өтті. Ашық аспан астында ұйымдастырылған мерекелік жиындарға ұстаздар, ата-аналар, түлектер және ардагер педагогтер қатысты.

Осы орайда Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев С.Адамбеков атындағы жалпы білім беретін мектепке арнайы барып, мектеп бітіруші түлектерді жаңа өмір белесімен құттықтады. Қала басшысы өз сөзінде білім мен тәрбиенің маңызын атап өтіп, жастарға алдағы өмір жолында сәттілік тіледі.

Әкім шәкірттердің ұстаздар мен ата-аналардың сенімін ақтап, ел болашағына қызмет ететін білімді әрі отаншыл азамат болып қалыптасатынына сенім білдірді. Сонымен қатар, осы мектептің 20 жыл бұрынғы түлектері туған жерге тағзым ретінде орнатқан сәулетті арканы ерекше атап өтіп, олардың елжандылыққа негізделген игі бастамасына ризашылығын жеткізді.

Салтанатты жиында қалалық білім бөлімінің басшысы Әшімхан Момбеков те сөз сөйлеп, түлектерге ақжарма тілегін арнады. Ол жастарға жоғары оқу орындарында білімдерін жалғастырып, ел дамуына үлес қосатын білікті маман атануға тілектестік білдірді.

Іс-шара барысында оқу озаттары мен түрлі жетістіктерге жеткен оқушылар, сондай-ақ білім беру саласында жемісті еңбек етіп жүрген ұстаздар марапатталып, Арыс қаласы әкімінің Алғыс хаттары мен Грамоталары табысталды.

Мерекелік жиын аясында бітіруші түлектер қоштасу вальсін орындап, көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Бір топ оқушы жазғы демалысқа шықса, мектеп бітіруші жастар алтын ұя мектебімен қимастықпен қоштасып, үлкен өмірге нық қадам басты.

Ақ жол, жас түлек!

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан: Келес ауданындағы каналдар күрделі жөндеуден өтеді

Түркістан: Ордабасыда «БАҚ жұлдыздары» өнер байқауы өтті

Түркістан: Заң талабын сақтамаған 22 жер қойнауын пайдаланушының келісімшарты тоқтатылды