Монтайтас ауылында «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік өтті,деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Арыс қаласына қарасты Монтайтас ауылдық округінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кезекті сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық жұмыстары жаңа оқу жылының басталуына орай, «Білім күні» қарсаңында өткізілді.
Іс-шараға ауылдағы мекеме қызметкерлері қатысып, мектеп аумағын ретке келтіруге атсалысты. Олар ауланы қоқыстан тазалап, өскен шөптерді шауып, айналаны жинақтады.
Сенбіліктің негізгі мақсаты – елді мекен аумағын абаттандырумен қатар, тұрғындар арасында қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру. Мұндай жұмыстар ауыл көшелері мен аулаларының көркеюіне, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Ұйымдастырушылар тазалықты бір күндік шарамен шектемей, оны күнделікті әдетке айналдыру маңызды екенін атап өтті. Осыған байланысты ауыл тұрғындарын ортақ іске белсенді араласып, қоршаған ортаны таза ұстауға шақырды.
