Шымкент әкімдігі тұрғындарға заңсыз құрылыс жайлы ескерту жасады,-деп хабаралайды Arysinfo.kz тілшісі.
Шымкент қаласының әкімдігі көпқабатты тұрғын үйлерде балконға қатысты өз бетінше құрылыс жұмыстарын жүргізудің заңсыз екенін және оның тұрғындардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін ескертті.
Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының мәліметінше, шаһарда заңсыз құрылыстарға тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп келеді. Егер заң талаптары сақталмаған жағдайда, жауапты мекемелер тиісті шараларды қабылдайды.
«Бүгінде заңсыз құрылыстарды сот шешімімен бұзу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондықтан да азаматтарды құрылыс салу барысында заң талаптарын қатаң сақтауға шақырамыз», – деп хабарлады Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Заңсыз құрылыс нысандары тек ғимараттардың эстетикалық келбетін бұзып қана қоймай, олардың құрылымдық беріктігіне де нұқсан келтіруі мүмкін. Мамандардың айтуынша, балконды кеңейту немесе өзгерту жұмыстары үйдің бастапқы жобасына сәйкес орындалмаса, апатты жағдайлардың туындау қаупі артады.
Мұндай мәселелерді болдырмау үшін тұрғындар құрылыс жұмыстарына кіріспес бұрын, жергілікті билік органдарынан рұқсат алуы қажет. Құрылыс нормалары сақталмаған жағдайда, әкімдік заңға сәйкес шаралар қабылдайтынын ескертеді.