ТӨЛЕБИДЕ СОТТЫҢ ЖАҢА ҒИМАРАТЫ АШЫЛДЫ: АЗАМАТТАРҒА ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛДЫ

Түркістан облысында сот инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Төлеби аудандық соты заманауи талаптарға сай салынған жаңа екі қабатты ғимаратқа көшті.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында бой көтерген нысанның жалпы ауданы 1 028 шаршы метрді құрайды. Жаңа ғимараттың ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров және Түркістан облыстық сотының төрағасы Айдос Сұлтанов қатысты.

Салтанатты жиында сот инфрақұрылымын дамыту – сот төрелігінің қолжетімділігін арттыруға, сот жүйесінің тиімділігін күшейтуге және азаматтарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды қадам екені атап өтілді.

Жаңа ғимаратта үш сот отырысы залы, медиация кабинеті және азаматтарға қызмет көрсетуге арналған фронт-офис қарастырылған. Сонымен қатар қозғалысы шектеулі азаматтардың кедергісіз қатынауына қажетті жағдайлар жасалған.

Нысан сот процестерін аудио және бейнежазбаға түсіру, ақпараттық қауіпсіздік пен өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заманауи жүйелермен жабдықталған. Бұл сот жұмысының ашықтығын арттырып, қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Бұған дейін сот қызметкерлері мен келушілерге арналған ескі ғимарат қазіргі заман талаптарына толық сәйкес келмеген. 1981 жылы салынған нысанның жалпы ауданы 575 шаршы метр болса, нормативтік талаптарға сәйкес қажетті аумақ 979,8 шаршы метрді құраған. Кеңістіктің тарлығы сот жұмысына кедергі келтіріп, азаматтарға қолайсыздық туғызған.

Жаңа ғимараттың пайдалануға берілуі – сот жүйесін жаңғырту жолындағы маңызды қадам. Заманауи инфрақұрылым сот қызметкерлерінің тиімді жұмыс істеуіне, азаматтардың сапалы қызмет алуына және сот төрелігінің қолжетімділігін арттыруға жол ашады.

Ұқсас жаңалықтар

«Көлік кептелісі азаяды» Шымкентте жаңа теміржол өткелі салынып жатыр

berdaly_oraz

ТҮРКІСТАН: ӘР ТҰРҒЫННЫҢ МӘСЕЛЕСІ БАСТЫ НАЗАРДА

berdaly_oraz

ГЕРМАНИЯЛЫҚ ДӘРІГЕРЛЕРМЕН ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ ӨТТІ

berdaly_oraz