Түркістан облысында Жеңістің 80 жылдығына орай ардагерлерге 5 миллион теңгеден беріледі,деп хабарлайды Arysinfo.kz тілшісі.
Түркістан облысында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай ардагерлерге біржолғы материалдық көмек көрсету жоспарланып отыр. Өңірде қазіргі таңда 9 соғыс ардагері тұрады, олардың әрқайсысына 5 миллион теңгеден беріледі.
Сонымен қатар, соғыс ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға санаттарына байланысты 50 мың теңгеден 120 мың теңгеге дейін біржолғы қаржылай көмек көрсету көзделген. Бұл санатқа 227 адам кіреді, ал тыл еңбеккерлерінің саны 3 069 адамды құрайды. Жалпы, облыс бойынша 3 305 адамға біржолғы ақшалай әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті бюджеттен 242 миллион теңге бөлінді.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге арналған іс-шаралар жоспары талқыланды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асия Темірбаеваның айтуынша, іс-шаралар жоспары мерекелік күндермен шектелмей, жыл бойы жүзеге асырылатын шараларды қамтиды.
Сонымен қатар, «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталатын азаматтардың тізімі жасалып жатыр. Ардагерлердің әлеуметтік жағдайын анықтау мақсатында әлеуметтік карталар әзірленіп, олардың денсаулығы мен тұрмыстық жағдайы сараланды. Жыл басынан бері 500-ге жуық ардагерге медициналық қызмет көрсетілді, бұл жұмыс жыл бойы жалғасады. «Ардагерлер үйі» мен «Мейір» ардагерлер үйі арқылы ай сайын 400-ге жуық, жылына 7 800 егде жастағы адамға сауықтыру қызметтері ұсынылады.
Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаевтың мәлімдеуінше, Жеңістің 80 жылдығы аясында облыста батырлардың есімдерін насихаттау мақсатында түрлі конкурстар, экскурсиялар, ғылыми-практикалық конференциялар, әскери-спорттық ойындар, мерекелік концерттер және басқа да іс-шаралар өткізу жоспарланған.
«Саламатты Қазақстан» мамандандырылған пойызының іске қосылуы аясында соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері және шалғайдағы стансалардың тұрғындарына тегін медициналық қызметтер көрсетілуде.
Жиын барысында 109 бірыңғай байланыс орталығының жұмысы да қаралды. Әкім Нұралхан Көшеров жауапты тұлғаларға халықтың ұсыныстарын ескере отырып, инфрақұрылым жүйелерін жетілдіруді және абаттандыру жұмыстарын сапалы жүргізуді тапсырды. Облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Марат Айнабековтың айтуынша, 109 байланыс орталығы тәулік бойы тұрғындардың қоңырауларын қабылдайды. Жыл басынан бері орталыққа 11 358 қоңырау түсіп, олардың басым бөлігі кеңес беру және оқиғаларды тіркеуге қатысты болған. Алдағы уақытта орталықтың жұмысына жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізу жоспарлануда, бұл өтініштердің сапалы орындалуын арттырып, мәселелердің тез әрі тиімді шешілуіне ықпал етеді.