Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Келес ауданының тұрғындарымен кездесіп, мәселелерін тыңдады, — деп хабарлайды Arysinfo.kz тілшісі.
Облыс әкімі өңірдің, ауданның даму көрсеткіштеріне тоқталып, алдағы жоспарлар мен міндеттер туралы да айтты.
Әкімнің айтуынша, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Келес ауданында 2024 жылы 20 елді мекенде құны 2,6 млрд. теңгені құрайтын 24 жоба іске асырылыпты. Нәтижесінде 13 елді мекендегі 40 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мәдениет үйі бой көтеріп, ауылдардың электр желілері жаңартылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 141 млн. теңгеге 23 жоба қаржыландырылса, биыл 539 млн. теңгеге 46 жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр. Былтыр жалпы өңірлік өнім көлемі 1 пайызға өссе, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі артығымен орындалып, 48 млрд. теңгеге жетті. Құрылыс жұмыстарының жоспары 6,4 пайызға өсті. Ол ауданды дамыту жұмыстары жалғасатынын айтты.
Көшеров тұрғындарды «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы тазалық, көгалдандыру шараларына белсене қатысуды шақырды.
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың есебінен кейін кездесу сұрақ-жауап форматына ауысты. Тұрғындар облыс әкіміне бағдаршам орнату, каналды тазалау, мәдениет үйін салу, жайылым, қоқыс полигоны, жолдың сапасы, білім, медицина саласына қатысты мәселелерді көтерді.