Түркістанда экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған екі деректі фильмнің таныстырылымы өтті. «Тағдырды талқандаған – терроризм» және «Қаралы күннің қаһарманы» атты туындыларда қызметтік борышын орындау кезінде ерлікпен қаза тапқан сарбаз Досбол Сапар мен полиция лейтенанты Мейрамбек Рахматуллаевтың өмір жолы мен қаһармандығы баяндалады.
Іс-шара барысында батырлардың ата-аналары ұлдарының өмірі мен ерлігі туралы естеліктерімен бөлісті. Олардың тағдыры – Отанға адал қызмет етудің, ел тыныштығын қорғаудың және азаматтық борышқа беріктіктің үлгісі.
Деректі фильмдердің мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру, терроризм мен экстремизмнің зардаптарын түсіндіру және бейбітшіліктің қадірін ұғындыру.
Ел тыныштығын сақтау, бейбіт күннің бағасын білу және Отан үшін жанын қиған ерлердің есімін ұлықтау – баршаға ортақ міндет. Батырлардың ерлігі ұмытылмай, кейінгі ұрпаққа өнеге болып қала береді.
