ТҮРКІСТАНДА ЕРЕКШЕ ЖАНДАРДЫ ҚОЛДАУҒА АРНАЛҒАН АРНАЙЫ КЕҢЕС ҚҰРЫЛМАҚ

«Шексіз әлем – тең қоғам»: өңірде ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың мәселелерін жүйелі шешуге бағытталған бастама көтерілді.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын тұрақты қарастыратын арнайы кеңес құруды ұсынды. Бұл бастама Түркістан қаласында өткен «Шексіз әлем – тең қоғам» атты мерекелік іс-шарада көтерілді.

Жиында өңір басшысы әр адамның қадір-қасиеті оның мүмкіндігімен емес, жігері мен өмірге құштарлығы, қоғамға қосқан үлесімен өлшенетінін атап өтті. Сондай-ақ азаматтардың құқықтарын қорғау, қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасау маңызды екенін жеткізді.

Биыл облыста 1 553 адам оңалту шараларымен қамтылып, 18 916 азамат санаторийлік-курорттық емделуге жолданған. Бұдан бөлек, 6 200 адам протездік құралдармен, 1 524 адам кресло-арбалармен, 1 377 адам сурдотехникалық және 1 762 адам тифлотехникалық құралдармен қамтамасыз етілген. Міндетті гигиеналық құралдар 24 206 адамға берілген.

Мерекелік бағдарламада өнерпаздар мен паралимпиада чемпиондары өнер көрсетті. «Бисұлтан би» ансамблі ұлттық биді ұсынса, «Ер Тұран» этно-фольклорлық тобы халық әндерін орындады. Мәдениет қайраткері Оразкүл Дәулетова «Ақмаржан» және «Жұлдызым» әндерін шырқап, Қайрат Тұрсынбеков саксофонмен әуезді композиция орындады. Әнші Біржан Сапарбековтің орындауындағы халық әндері мен паралимпиада чемпиондарының «Өмір өзен» биі көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Басқосу ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың әлеуетін дәріптеп, қоғамда тең мүмкіндіктер қалыптастыру мен өзекті мәселелерді бірлесе шешудің маңызын айқындады.

Ұқсас жаңалықтар

АРЫС ҚАЛАСЫНДА «ТҮНГІ РЕЙД» ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ІС-ШАРАЛАРЫ ӨТКІЗІЛУДЕ

berdaly_oraz

Tүркістан облысында тұрғындарды қабылдауда әртүрлі мәселелер қаралды

berdaly_oraz

Нұралхан Көшеров өңір тұрғындарының мәселелерін тыңдады

berdaly_oraz