Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» қазақстандық танымал ММА шебері, жауынгерлік самбодан үш дүркін әлем чемпионы, джиу-джитсудан Азия чемпионы Арман Әріпханұлы Оспановтың қатысуымен «Жеңіске жетелейтін мінез» тақырыбында тағылымды кездесу өтті.
Іс-шараны Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастырды. Кездесуді облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанар Бектаева жүргізіп, спорттың жастар тәрбиесіндегі және этносаралық татулықты нығайтудағы рөліне тоқталды.
Оның айтуынша, спорт – ұлт пен ұлысқа бөлмей, баршаны ортақ мақсатқа біріктіретін, достық пен өзара құрметті қалыптастыратын маңызды құрал.
Кездесу барысында Арман Оспанов спорттағы жетістікке жетудің сырымен бөлісіп, еңбекқорлық, тәртіп пен табандылықтың маңызын түсіндірді. Ол жастарды нақты мақсат қойып, білім алуға, уақытты тиімді пайдалануға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Сондай-ақ «ALASH PRIDE TURKESTAN» промоутерлік компаниясының президенті Мұрат Аханов жастарға жігер беріп, спортпен тұрақты айналысуға және алға қойған мақсаттарына табандылықпен ұмтылуға үндеді.
Еркін форматта өткен сұрақ-жауап бөлімінде жастар чемпионға спорттық мансап, қиындықтарды еңсеру және жеңіске жету жолдары туралы сауалдарын қойып, пайдалы кеңестер алды.
Тағылымды жүздесу жастардың жігерін жанып, табысқа жетудің негізі үздіксіз еңбек, темірдей тәртіп, жауапкершілік пен қайсар мінезде екенін ұғындырды.
Мықты мінез – жеңіске бастар жол, ал бірлік пен татулық – ел болашағының берік тұғыры!
