Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, Арыс қаласында тұрғындарды табиғи газға қосу жұмыстары бақылауға алынды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев 8 қазаннан бастап үш күн бойы қаладағы газдандыру жұмыстарының барысын зерделеп, табиғи газға қосылуға қатысты өтініш білдірген тұрғындармен кездесті.
Кездесу барысында қаладағы барлық тұрғын үйге дейін газ желісі тартылғаны түсіндірілді. Енді тұрғындар үй ішіне газ құбырларын жүргізіп, қажетті монтаждау жұмыстарын ұйымдастыру үшін «Otebay Gaz Aimaq» ЖШС-не өтініш беруі қажет.
Қазіргі таңда Арыс қаласындағы 9 137 абоненттің табиғи газға қосылу мүмкіндігі бар. Оның ішінде 6 493 абонент көгілдір отынды пайдаланып отыр.
Ауылдық елді мекендерді газдандыру жұмыстары да кезең-кезеңімен жалғасуда. Өткен жылы Байырқұм, Жиделі, Көкжиде және Саналы ауылдары табиғи газға қосылса, биыл Аққала ауылы көгілдір отын игілігіне қол жеткізді. Ал Талдықұдық, Ақдала және Қаражантақ елді мекендерінде газ тарту жұмыстары жүргізілуде.
Тұрғындарды табиғи газбен қамту және туындаған мәселелерді шешу бағытындағы жұмыстар тиісті бақылауда.
