Түркістан қаласында жол құрылысы қарқын алып, көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен тұрғындардың жайлылығы басты назарға алынуда. Қала көшелері кезең-кезеңімен жаңарып, заманауи талаптарға сай инфрақұрылым қалыптасып келеді.
Қазіргі таңда Әбдіғали Жангелдин көшесінде ауқымды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұрынғы екі жолақты тар көшенің орнына төрт жолақты кең әрі қолайлы автожол салынуда. Бұл – көлік кептелісін азайтып, қозғалыс жылдамдығын арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Жоба тек жол төсеумен шектелмейді. Құрылыс барысында су ағызу жүйелері орнатылып, жаяу жүргіншілерге арналған кең аяқжолдар мен велосипедшілерге арналған арнайы жолақтар да қарастырылған. Бұл өз кезегінде қала тұрғындары үшін қауіпсіз әрі ыңғайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жаңартылып жатқан жол учаскесінің ұзындығы 600 метрді құрайды. Құрылыс жұмыстарын сәуір айының соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.
Түркістандағы мұндай жобалар – қаланың заманауи келбетін қалыптастырып қана қоймай, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі.
