Созақ ауданына қарасты Қаратаудың Қошқарата шоқысы маңында өзгеше өмір салтын таңдаған жан бар. Жергілікті жұрт оны «Тау адамы» деп атап кеткен. Оның есімі – Шавкат Жортанов.
Жыл сайын күн жылына бастағанда Шавкат арқасына ең қажетті заттарын асып, тауға қарай бет алады. Асулар мен жоталарды артқа тастап, өзі таңдап алған биік нүктеге жеткен соң шағын күркесін тігіп, бірнеше ай бойы табиғат аясында жалғыз өмір сүреді. Қала дабырынан, күнделікті күйбеңнен алыстағы бұл тыныштық оған ерекше күш береді.
Оның айтуынша, тау басындағы үнсіздік – ойын жинақтап, қиялға ерік беруге ең қолайлы сәті. Осындай мезеттерде ол өз арманымен бетпе-бет қалады.
Кино әлеміне қызығушылығы да дәл осы биікте тереңдей түскен. Шавкат актер болуды армандайды. Тіпті, сценарийін де жазып қойған. Кейде қиялымен әлемге әйгілі режиссер James Cameron-мен бірге жұмыс істеп жүргенін елестетеді.
Таудағы жалғыздық оның шығармашылығына да әсер етпей қоймапты. Ол табиғат аясында туған ойларын өлеңмен өрнектейді. Соның бірінде:
Бұл дүние жұмбақ, тылсым неткен,
Ей, Тағдыр солдың ғой қалың беттен.
Тәңір жазып, кездессем Джэймс Кэмеранмен,
Шешілер құдіреті тылсым неткен.
Шавкаттың тағы бір ерекше қыры – тасты сөйлеткен өнері. Ол Қаратау жоталарында шамамен 18 жылдан бері петроглиф үлгісіндегі бейнелерді қашап келеді. Қарапайым тастар оның қолында бірте-бірте бейнеге айналып, ашық аспан астындағы шағын галереяға айналған.
Бұл жұмыстың оңай еместігін өзі де жасырмайды. Кейде биік жартастарға арқанмен өрмелеп шығып, бірнеше метр биіктікте тас қашауға тура келеді. Әр соққы – төзім мен дәлдікті талап етеді. Сондықтан ол әр қадамын есеппен жасап, сақтықты бірінші орынға қояды.
Жергілікті тұрғындар оның еңбегін қызығушылықпен тамашалайды. Шавкаттың туындылары табиғат пен адам қолының үйлесімін көрсететін ерекше дүниелерге айналған. Сондықтан болар, көпшілігі әрбір қашалған бейненің артында өзіндік тарих бар екенін айтады.
Қарапайым ауыл тіршілігін қатар алып жүрсе де, оның жүрегі тауға тартып тұрады. Бос уақытының басым бөлігін сол жерде өткізеді. Табиғатқа деген сүйіспеншілігі мен шығармашылыққа деген ынтасы оны өзгелерден даралап тұр.
Бәлкім, бір күні оның арманы орындалып, үлкен экранға жол тартар. Ал әзірге Қаратаудың қия беткейлерінде өз әлемін жасап жүрген «Тау адамы» үшін ең үлкен сахна – сол таудың өзі.
