Дереккөз, фото: Түркістан обл әкімдігі
Қытайдың Хэфэй қаласында байдарка мен каноэде ескек есуден Лос-Анджелес Олимпиадасына рейтингтік Азия чемпионаты жалғасуда. Додада Қазақстан құрамасының қоржынына тағы бес медаль түсті.
200 метр қашықтықта байдаркамен сынға түскен қазақстандық Ольга Шмелёва чемпион атанды. Кейін ол Татьяна Токарницкаямен бірге 500 метр қашықтықта жұптық жарыста күміс жүлдеге қол жеткізді.
Жарыстан кейін спортшы бұл жеңістің өзі үшін ерекше маңызға ие екенін айтып, өткен жылғы нәтижесін жақсартқанын жеткізді. Оның сөзінше, бір жыл бойы тыңғылықты дайындықтың арқасында мақсатына жеткен.
Осылайша, Ольга Шмелёва Хэфэйдегі жарыста үшінші медалін еншіледі. Қазір оның еншісінде бір алтын және екі күміс жүлде бар.
Сонымен қатар, әлем чемпионатының қола жүлдегері Виктор Степанов каноэде 200 метр қашықтықта үздік үштікке еніп, қола медаль алды.
500 метрлік сайыста да Қазақстан құрамасы екі бағдарлама бойынша үшінші орыннан көрінді. Каноэде Сергей Емельянов пен Әлішер Хаётов, ал байдаркада Бекарыс Раматулла мен Дмитрий Холмогоров ел намысын қорғады.
Екі жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының еншісінде 2 алтын, 2 күміс және 5 қола медаль бар. Чемпионаттың соңғы жарыс күнінде тағы бірнеше жүлде сарапқа салынады.
