Дереккөз, фото: Түркістан обл әкімдігі
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен және Қазығұрт ауданы әкімдігінің қолдауымен Қазығұрт ауданында облыстық «IT Jas IQ» робототехника байқауы өтті.
Байқауға өңірдегі жалпы және мамандандырылған білім беру ұйымдарынан келген 8–11 сынып оқушылары қатысып, өзара бақ сынасты. Іс-шараның мақсаты – оқушылардың инженерлік ойлау қабілетін дамыту, робототехника мен бағдарламалау саласына қызығушылығын арттыру, сондай-ақ шығармашылық әлеуетін шыңдау.
Салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің басқарма басшысы Мансия Есекеева, Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Беркінбай және Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Ернар Бектаев қатысып, жас қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқау FIRST LEGO League Challenge «UNEARTHED» тақырыбы аясында ұйымдастырылды. Қатысушылар мұхиттарды зерттеу, экология және археология бағыттары бойынша тың идеялар мен инновациялық жобаларын ұсынды.
Жарыс төрт кезеңнен тұрды. Қатысушылар инновациялық жобаларын қорғап, роботтар ойынында 15 миссияны орындады, робот дизайнын таныстырды және командалық құндылықтарын көрсетті.
Нәтижесінде І орынды Қазығұрт ауданынан Qazygurt командасы иеленді. ІІ орын Шардара ауданынан Shardara Daryn командасына бұйырса, ІІІ орынды Қазығұрт ауданынан Sunkar Q командасы еншіледі. Ал IV орын Созақ ауданынан RoboSozak командасына табысталды.
Аталған байқау жас өнертапқыштардың жаңа мүмкіндіктерін ашып, техникалық білім мен инновацияға деген қызығушылығын арттыруға серпін берді. Сонымен қатар қатысушыларға тәжірибе алмасып, өзара байланыс орнатуға мүмкіндік жасады.
