Дереккөз, фото: Түркістан обл әкімдігі
Түркістан облысында «Қазкрахмал» зауытының құрылысы жалғасып жатыр. Құны 35 млрд теңгені құрайтын бұл кәсіпорын Қазақстандағы алғашқы әрі Орталық Азиядағы жүгеріні терең өңдеп, жоғары қосылған құны бар өнім шығаратын ең ірі кешендердің бірі болмақ. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
Зауыт толық іске қосылғаннан кейін жылына 150 мың тоннаға дейін жүгері өңдеп, 26 түрлі өнім өндіреді. Олардың қатарында тағамдық глюкоза, мальтозалы шәрбат, жүгері майы, крахмал және құрама жем бар. Өндіріс қалдықсыз цикл қағидаты бойынша ұйымдастырылып, тек ГМО-сыз табиғи шикізат пайдаланылады.
Жобаның негізгі мақсаттарының бірі – тұрақты шикізат базасын қалыптастыру. Осыған байланысты Түркістан облысында жүгері егіс алқаптарын кеңейту жоспарланған. Жаңа алқаптар Шардара, Жетісай және Мақтаарал аудандарында игеріледі.
Зауыт өнімдері Қазақстанның ішкі нарығына, соның ішінде тағам және фармацевтика өнеркәсібіне бағытталады. Сонымен қатар Азия мен Еуропа елдеріне экспортқа шығару көзделген. Жүгері крахмалы, шәрбаттар және өзге де өнімдер түрлі өндіріс салаларында кеңінен қолданылатындықтан, кәсіпорынның экспорттық әлеуеті жоғары бағаланып отыр.
Алдағы уақытта зауыт қуатын жылына 300 мың тоннаға дейін ұлғайту және әлемнің 100-ден астам компаниясымен халықаралық әріптестікті дамыту жоспарланған.
