Дереккөз, фото: Ордабасы ауд әкімдігі
Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдығына орай ұстаздар арасында қазақ күресінен «ҰСТАЗ БАРЫСЫ – 2026» облыстық жарысы өтті. Дәстүрлі түрде төртінші рет ұйымдастырылған турнир Темірлан спорт кешенінде өтіп, оған Түркістан облысының 17 аудан-қаласынан 120-ға жуық ұстаз-спортшы қатысты.
Жарыс барысында қатысушылар 8 салмақ дәрежесі бойынша бозкілемге шығып, өзара мықтыны анықтады. Ұстаздар тек білім саласында ғана емес, спортта да белсенді екендерін дәлелдеп, жоғары шеберлік көрсетті.
Салтанатты ашылу рәсіміне Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев, Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, ардагер спортшылар мен «Қазақстан барысы» турнирінің 2023 жылғы күміс жүлдегері Жұманазар Ерсұлтанов қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Тартысты өткен бәсеке қорытындысында ордабасылық ұстаздар жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, 82 келі салмақ дәрежесінде Амангелді атындағы жалпы орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Ибрагим Қаратай чемпион атанды. Ал 66 келіде Қ. Бектаев атындағы мектеп мұғалімі Еламан Оспанов пен 90 келіде Ш. Уәлиханов атындағы гимназия мұғалімі Тоқташ Сүлеймен үшінші орынды иеленді.
«ҰСТАЗ БАРЫСЫ» турнирі – ұстаздар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, ұлттық спортты дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі.
Жүлдегер ұстаздарды жеңістерімен құттықтаймыз! Алар асуларыңыз биік болып, толағай табыстарға жете беріңіздер.
