САЙРАМ АУДАНЫНДАҒЫ ОРТАЛЫҚ САЯБАҚ ЖАҢАРТЫЛДЫ

Дереккөз, фото: Түркістан обл әкімдігі

Түркістан өңірінде тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соның бір дәлелі – Сайрам ауданындағы Ақсу ауылында орналасқан орталық саябақтың жаңартылып, пайдалануға берілуі. Аталған нысан 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай ашылып, ауыл тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлады.

Жаңартылған саябақта заманауи инфрақұрылым қарастырылған. Аумақтың орталық бөлігіне субұрқақ орнатылып, айналасы абаттандырылып, жасыл желекпен көмкерілген. Демалыс аймағында 20-ға жуық аттракцион қойылып, балалар мен ересектердің бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалған. Сонымен қатар келушілер үшін фуд-корт аймақтары мен тынығу орындары қарастырылған. Жоба инвесторлар есебінен жүзеге асырылып, шамамен 675 миллион теңге көлемінде қаржы тартылған.

Салтанатты іс-шара барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров этнос өкілдері ұйымдастырған көрмені аралап, тұрғындарды мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні елдегі татулық пен келісімнің маңызды символы екенін атап өтті. Сондай-ақ, Президент тапсырмалары аясында өңірде этносаралық келісімді нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Қазіргі таңда Сайрам ауданында 243 мыңнан астам халық тұрады. Ауданда 39 этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бұл – елдегі қоғамдық келісім мен бірліктің айқын көрінісі.

Жаңа ойын-сауық паркі енді аудан тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды демалыс орнына айналып, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға өз үлесін қосады.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: Қазақстан өкілі Азия ойындарында төреші болады

berdaly_oraz

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Дулат Исабеков дүниеден өтті

berdaly_oraz

Шардарада мешіт қызметкерлеріне үй мен көлік берілді

berdaly_oraz