АРЫСТА ҮЙІРЛІ ШЕГІРТКЕГЕ ҚАРСЫ ХИМИЯЛЫҚ ӨҢДЕУ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Дереккөз, фото: Арыс қаласы әкімдігі

Арыс қаласында үйірлі шегірткеге қарсы күрес шаралары жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатыр. Қала аумағы 17 секторға бөлініп, әрқайсысына жауапты мамандар бекітілген. Осы жұмыстарды үйлестіру мақсатында қала әкімі Қайсар Маңқараев сектор жетекшілерімен кезекті жиын өткізіп, өзекті мәселелерді талқылады.

Жиын барысында шегірткелердің қанаттануына дейін химиялық өңдеу жұмыстарын үздіксіз әрі тиімді жүргізудің маңыздылығы атап өтілді. Сонымен қатар, әр секторға жауапты мамандарға өз аумақтарында тұрақты мониторинг жүргізіп, жағдайды бақылауда ұстау тапсырылды. Өңдеу жұмыстары барысында техника, су тасымалдау немесе қажетті препараттарға қатысты мәселе туындаған жағдайда, оны жедел шешу үшін жауапты тұлғаларға дер кезінде хабарлау қажеттігі ескертілді.

Кездесу барысында қатысушылар тарапынан ұсыныстар айтылып, оларды жүзеге асыру бойынша нақты міндеттер белгіленді. Бұл шаралар атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Облыстық Болжам орталығының мәліметіне сәйкес, Арыс қаласы аумағында аса қауіпті секторлар тіркелмеген. Қазіргі таңда 11 сектордың жағдайы бақылауда, ал 6 сектордың қауіптілік деңгейі төмен деп бағалануда. Химиялық өңдеу жұмыстарына 76 бүріккіш техника мен 21 су тасымалдаушы көлік жұмылдырылып, барлығы 97 техника қызмет атқаруда. Сонымен қатар, зиянкестердің таралуын анықтап, бақылау жүргізу үшін 190 анықтаушы бекітілген.

Жалпы, қала аумағында үйірлі шегірткеге қарсы күрес шаралары жүйелі түрде жалғасып, ахуалды тұрақтандыруға бағытталған жұмыстар жүргізілуде.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан облысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары күшейтілді

berdaly_oraz

Мемлекет басшысының тапсырмасымен  отандық ғалымдардың әзірлемелері негізінде жаңа зауыт іске қосылды

Redaktor Arysinfo

Облыста жылыту маусымына дайындық жұмыстары басталды