Дереккөз, фото: Шардара ауд әкімдігі
Шардара ауданында төтенше жағдайлардың алдын алу және жазғы кезеңде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша мәжіліс өтті. Жиын аудан әкімінің орынбасары Е. Каратуновтың төрағалығымен ұйымдастырылды.
Кездесу барысында су айдындарындағы қауіпсіздік, рұқсат етілмеген орындарда шомылудың алдын алу және өрт қауіпті кезеңдегі сақтық шараларын күшейту мәселелері жан-жақты талқыланды. Аталған бағыттар бойынша жауапты мекемелердің атқарып жатқан жұмыстары сараланды.
Мәжілісте қолданыстағы заңнамаларға сәйкес бірқатар нақты міндеттер белгіленді. Атап айтқанда, су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тұрақты рейдтік шаралар жүргізу, қауіпті аймақтарға ескерту белгілерін орнату, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды. Сонымен қатар білім беру ұйымдары, ауылдық округ әкімдіктері және төтенше жағдайлар қызметтерімен бірлескен профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру қажеттігі айтылды.
Өрт қауіпсіздігі мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Орман және дала алқаптарында бақылауды күшейту, құрғақ шөп пен қоқыс жағуға жол бермеу, өрт қауіпті кезеңде тұрақты мониторинг жүргізу бойынша тиісті тапсырмалар берілді.
Жиында өрт қауіпсіздігі мен судағы қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігі ерекше атап өтіліп, құқық бұзушылықтарға жол берген тұлғалардың заң аясында жауапкершілікке тартылатыны ескертілді.
Аудан әкімінің орынбасары Е. Каратунов адам өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі басты назарда екенін айтып, барлық қала және ауыл әкімдеріне алдын алу шараларын жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.
