Түркістан қаласында Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. «Жеңіс» саябағында ұйымдастырылған жиын ерлік рухын ұлықтап, бейбіт өмірдің бағасын айқындаған тағылымды шараға айналды.
Іс-шара соғыс жылдарында қаза тапқан батырларды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Қатысушылар Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қойып, ел үшін жанын қиған ерлерге тағзым етті.
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов құттықтау сөзінде Отан қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы екенін айтып, ел ішіндегі тұрақтылық пен тыныштықтың маңызын атап өтті.
Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров тәртіп сақшыларының қызметі қоғам қауіпсіздігінің негізгі тірегі екенін жеткізді.
Шара барысында жас полицейлер салтанатты түрде ант қабылдап, елге адал қызмет етуге уәде берді. Сонымен қатар үздік қызметкерлер марапатталып, ардагерлер мен қаза тапқан полицейлердің отбасыларына құрмет көрсетілді.
Арнайы жасақ жауынгерлері өз шеберліктерін көрсетіп, көрермендердің қызығушылығын тудырды. Мерекелік жиын концерттік бағдарлама мен салтанатты шеруімен қорытындыланды.
Түркістандағы бұл шара ерлік пен елдік рухын жаңғыртып, жас буынға отансүйгіштік пен жауапкершіліктің маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді.
