ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН ӨНДІРЕТІН 4 ЗАУЫТ ЖҰМЫС ІСТЕУДЕ

Дереккөз, фото: Түркістан обл әкімдігі

Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені республика үшін стратегиялық маңызға ие. Елдегі ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің шамамен 13 пайызы осы өңірдің үлесінде. Әсіресе, суармалы егіншілік жақсы дамыған: республикадағы суармалы жерлердің төрттен бір бөлігі, яғни 554 мың гектардан астамы Түркістан облысында орналасқан.

Су ресурстарының шектеулігі жағдайында суды үнемдеу технологияларын енгізу – аса маңызды міндеттердің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ауыл шаруашылығында су үнемдейтін озық технологияларды кеңінен енгізу қажеттігін атап өткен болатын. Осы бағыттағы жұмыстар Түркістан облысында кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

Облыста жаңбырлатып суару машиналарын шығаратын еліміздегі алғашқы зауыт іске қосылып, бүгінде су үнемдеу технологияларын өндіретін төрт кәсіпорын жұмыс істейді. Атап айтқанда, «BNK GROUP LTD» ЖШС, «KAZ KIOTI» ЖШС, «ХИНЖИН Ирригейшн» ЖШС және «TURAN SU» МКК өндірістік қызметін жолға қойған.

Жалпы құны 25,7 млрд теңгені құрайтын бұл кәсіпорындардың жылдық өндірістік қуаты 163 мың гектар алқапты қамтуға мүмкіндік береді. Оның ішінде 73 мың гектарға тамшылатып суару, ал 90 мың гектарға жаңбырлатып суару технологияларын енгізуге жағдай жасалған.

Қазіргі таңда облыста су үнемдеу технологиялары енгізілген алқап көлемі 114 мың гектарға жетіп, жалпы суармалы жерлердің шамамен 20 пайызын құрап отыр. Бұл көрсеткіш өңірде заманауи агротехнологияларды енгізу жұмыстарының жүйелі жүргізіліп жатқанын аңғартады.

Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Қосымша құны 6 млрд теңгені құрайтын, 30 мың гектар алқапты қамтитын тағы екі кәсіпорынды іске қосу жоспарланған. Бұл өз кезегінде шаруалардың жаңа технологияларға қолжетімділігін арттырып, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін көтереді.

Су үнемдеу технологияларының тиімділігі жоғары: олар суды 1,5–2 есеге дейін үнемдеуге мүмкіндік беріп, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін 2–3 есеге арттыруға ықпал етеді. Сондықтан бұл бағыт өңірдің аграрлық саясатының басым бағыттарының бірі ретінде айқындалған.

Су тапшылығы мәселесін шешу және трансшекаралық су көздеріне тәуелділікті азайту мақсатында облыста жыл сайын кемінде 50 мың гектар жерге су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланып отыр. Өткен жылы оңтүстік аудандарда су тапшылығының күшеюі бұл жұмыстың маңызын айқындай түсті.

2026 жылға Мақтаарал, Жетісай және Шардара аудандарының әрқайсысында 8 мың гектардан алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланған. Қазіргі таңда облыс бойынша 34 мың гектар жерді қамтитын жұмыстар жүргізілуде. Бұл бастамаларды жүзеге асыру үшін 2026 жылға республикалық бюджеттен 31,3 млрд теңге қарастырылған.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу – экологиялық тұрғыдан да, экономикалық жағынан да маңызды қадам. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар өңірдің аграрлық әлеуетін арттырып, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына негіз қалайды.

Ұқсас жаңалықтар

ҚАЗЫҒҰРТТА БІЛІМ САЛАСЫ БОЙЫНША АЛҚА МӘЖІЛІСІ ӨТТІ

Түркістан: Мақтаарал ауданы индустриясы қарқын алып келеді

berdaly_oraz

АРЫС ҚАЛАСЫНАН СПОРТ КЕШЕНІ ҮШІН ЖЕР ТЕЛІМІ САТЫЛАДЫ!!!

Redaktor Arysinfo