ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ТҰРАҚТЫ ДАМУ БАҒЫТЫНДА ОҢ НӘТИЖЕЛЕР КӨРСЕТУДЕ

Дереккөз, фото: Түркістан обл әкімдігі

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Біріккен Ұлттар Ұйымының даму құқығы мәселелері жөніндегі арнайы баяндамашысы Сурья Девамен кездесті. Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, тұрақты даму бағытындағы бастамалар және халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Облыс әкімінің орынбасары Түркістан өңірінде Біріккен Ұлттар Ұйымы айқындаған тұрақты даму мақсаттарына басымдық беріліп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, өңірде экономикалық өсіммен қатар әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын арттыру және экологиялық тепе-теңдікті сақтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

2026 жылғы 1 наурыздағы мәліметке сәйкес, Түркістан облысының халқы 2 миллион 146,7 мың адамға жеткен. Оның 25,4 пайызы қалада, ал 74,6 пайызы ауылдық жерлерде тұрады.

Сонымен қатар, 2026 жылдың қаңтар–наурыз айларында облыстың қысқа мерзімді экономикалық өсім көрсеткіші 119,4 пайызды құрап, республика бойынша екінші орынға шыққан.

Кездесу барысында экологиялық тұрақтылық мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Өңірде табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, жасыл технологияларды енгізу және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

Жиында көші-қон, әлеуметтік интеграция және азаматтардың құқықтық теңдігін қамтамасыз ету мәселелері де қозғалды. Облыста қоғамдық келісімді нығайтуға және тұрғындардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жобалар қолға алынған.

Гендерлік теңдік тақырыбы да кеңінен сөз болды. Бүгінде Түркістан облысында 400 мыңнан астам отбасы тұрады. Мемлекеттік қызмет саласында еңбек ететін 5611 қызметшінің 28,1 пайызы – әйелдер. Оның ішінде 233 әйел басшылық қызметтер атқарады.

Сондай-ақ өңірде әйелдердің кәсіпкерлік саласындағы белсенділігі артып келеді. Статистикалық мәліметке сәйкес, облыстағы 91 мыңнан астам кәсіпкер әйел өз кәсібін жүргізуде. Ал шағын және орта бизнестің 43,1 пайызында әйелдер басшылық етеді.

Кездесу соңында тараптар халықаралық тәжірибе алмасудың маңызын атап өтіп, алдағы уақытта өзара ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екендерін жеткізді.

Ұқсас жаңалықтар

Қоғамдық тәртіп пен тазалық: жауапкершілік кімнің мойнында?

berdaly_oraz

АРЫСТА ДАЛА ӨРТІНІҢ АЛДЫН АЛУ – ОРТАҚ МІНДЕТ

berdaly_oraz

ҚАЗЫҒҰРТТА МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУМЕН КӘСІП ДАМЫП КЕЛЕДІ

Redaktor Arysinfo