КЕНТАУДАҒЫ ХАНТАҒЫ АУЫЛЫНДА ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Сурет: Кентау қ.әкімдігі

Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылында жол инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатыр. Қала әкімінің орынбасары Болысбек Шәріпбеков ауыл аумағында жүргізіліп жатқан құрылыс және жол жөндеу жұмыстарын аралап, олардың орындалу барысымен танысты.

Қазіргі таңда Хантағы–Қаратау бағыты бойында орналасқан көпірге реконструкция жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында ескі көпір толық жаңартылып, заманауи талаптарға сай жаңа көпір салынбақ. Сонымен қатар жол жабынын жаңарту, жаяу жүргіншілерге арналған арнайы жолақтар салу және көше жарықтандыру жүйесін орнату көзделген. Бұл жұмыстар тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған.

Мамандардың айтуынша, көпір құрылысы аяқталғаннан кейін аталған бағыттағы көлік қозғалысы едәуір жеңілдеп, ауыл мен қала арасындағы қатынас сапасы арта түседі. Сондай-ақ жоба аясында инфрақұрылымды кешенді түрде дамытуға басымдық берілген.

Бұдан бөлек, «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл ішіндегі көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған бағдарлама шалғай елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Өткен жылы ауылдағы Торлан көшесі толық жөндеуден өтіп, пайдалануға берілген болатын. Ал биыл Назаров, Қаратау және Иманов көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары басталды. Қазіргі таңда көшелерде жолдың ескі қабатын тазалау, тегістеу және асфальт төсеуге дайындық жұмыстары атқарылуда.

Қала әкімдігі өкілдерінің мәліметінше, барлық құрылыс және жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Сонымен қатар нысандардың сапалы әрі уақытылы пайдалануға берілуі тұрақты бақылауда болады.

Жергілікті тұрғындар да ауылдағы жол мәселесінің кезең-кезеңімен шешіліп келе жатқанын айтып, атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын білдіруде. Жаңартылған жолдар мен инфрақұрылым ауыл тұрғындарының қатынауына қолайлы жағдай жасап қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізеді.

Ұқсас жаңалықтар

Шымкент қаласында қызметтік иттердің көмегімен 64 қылмыс ашылды

«AMANAT» ПАРТИЯСЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ ҚАЛЫЙМА ЖАНТӨРЕЕВА ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ

Redaktor Arysinfo

Сауранда «Бейбітшілік – ел тірегі» атты мерекелік іс-шара өтті