ШЫМКЕНТТЕ ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ ҚАҺАРМАНДАРЫНЫҢ РУХЫНА ТАҒЗЫМ ЕТІЛДІ

Дереккөз, фото: Шымкент қаласы әкімдігі

Шымкент қаласында 9 мамыр – Жеңіс күніне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтардың рухына құрмет көрсетілді.

Абай саябағындағы Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қою рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, тыл еңбеккерлері, қоғам өкілдері, қала тұрғындары мен жастар қатысты. Жиналғандар майдан даласында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, мемориалға гүл шоқтарын қойды.

Жеңіс күні – ел тарихындағы тағылымы терең, маңызы зор мерекелердің бірі. Бұл күн майдангерлердің батырлығы мен тыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегін дәріптеп, бейбіт өмірдің қадірін ұғындырады. Сонымен қатар, жас ұрпақты отансүйгіштікке, бірлік пен елге деген құрметке тәрбиелеуде айрықша мәнге ие.

Іс-шара барысында соғыс жылдарындағы ерлік пен жанқиярлыққа тағзым жасалып, тарихи жадыны сақтау мен ұрпақтар сабақтастығының маңыздылығы кеңінен айтылды.

Айта кетейік, бүгінде майдангерлер қатары сиреп, өткен жылы Шымкент қаласындағы Ұлы Отан соғысының соңғы ардагері өмірден өтті. Дегенмен, жеңімпаз ұрпақтың ерлігі халық жадында мәңгі сақталып, олардың өнегелі жолы кейінгі буынға үлгі болып қала береді.

Салтанатты жиын ел тыныштығы мен татулықтың қадірін ұғындырып, батырлар рухына деген құрметтің жарқын көрінісіне айналды.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістанда тұрғындардың жеке мәселелері бойынша қабылдау өтті

berdaly_oraz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтады

berdaly_oraz

«Қар,жаңбыр,күшті жел» Қазақстанда 7 наурызда қолайсыз ауа райы болжануда

berdaly_oraz