ШАРДАРАДА ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 81 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ТАҒЫЛЫМДЫ ІС-ШАРА ӨТТІ

Дереккөз, фото: Шардара ауд әкімдігі

Шардара ауданында Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетілді. Тағылымы мол мерекелік жиынға аудан әкімі Қарсыбаев Арман Романұлы қатысып, Шардара қаласындағы Мәңгілік алау ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Отан қорғаушыларды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Мерекелік жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Ұлы Жеңістің тарихи маңызына тоқталып, майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігі ел жадында мәңгі сақталатынын атап өтті. Сондай-ақ, бүгінгі бейбіт өмір мен Тәуелсіз Қазақстанның дамуы аға буынның жанқиярлығы мен адал еңбегінің нәтижесі екенін жеткізді.

Іс-шара барысында соғыс және еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, олардың ел алдындағы еңбегі ерекше аталып өтті. Бұл тағылымды кездесу жас ұрпаққа отансүйгіштік рух дарытып, тарихи жадыны сақтау мен ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталды.

Салтанатты жиында еңбек ардагерлері Тоқсанбай Бердібеков, Тәңірберген Ағманов және Шардара аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Ербол Жұманов сөз сөйлеп, Ұлы Жеңістің маңызы мен ел бірлігінің құндылығы туралы ой бөлісті. Олар жастарды ел тәуелсіздігін құрметтеуге, заң мен тәртіпті сақтауға және қоғамдық келісімді нығайтуға шақырды.

Мерекелік бағдарлама барысында патриоттық әндер орындалып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйланды. Іс-шара батырлар ерлігін ұлықтап, ардагерлерге деген құрметтің жарқын көрінісіне айналды.

Ардагерлерге тағзым ету – елдік құндылықтарды дәріптеп, кейінгі буынға өнеге болатын маңызды міндеттердің бірі. Ұлы Жеңіс рухы мен батырлар ерлігі халық жадында мәңгі сақталады.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан: өндірісті дамыту, әріптестікті нығайту бойынша келіссөз жүргізілді

Төрткүл тұрғындары тағы бір отбасыны баспанамен қуантты

berdaly_oraz

Өңірлік жаңалық: Сарыағашта өткен сенбілікте 300 түп ағаш егілді